Президент телерадиокешені мен «TPS» АА ынтымақтастыққа және ақпарат алмасуға уағдаласты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені Израильдің «Tazpit Press Service» ақпарат агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Меморандумды ҚР Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева мен «Tazpit Press Service» АА бас директоры Амотц Эяль рәсімдеді.

Құжат медиа-контент алмасу, бірлескен медиа-өндіріс, адами капиталды дамыту, ұлттық және халықаралық деңгейде бір-бірін ілгерілету салаларындағы өзара серіктестік қарым-қатынас орнатуға бағытталған.

Президент ТРК бас директоры Р.Қажыбаеваның айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыс халықтар мен мемлекеттер арасындағы қатынасты дамыту үшін негіз қалыптастырады.

Р.Қажыбаева атап өткендей, «бұған ақпараттық саладағы өзара іс-әрекет септігін тигізеді. Осы тұрғыдан алғанда ақпараттық материалдармен алмасу, бірлескен жобалар құру, түрлі оқиғаларды жазып көрсетудегі әріптестердің тәжірибесін зерделеу елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтады».

Өз кезегінде, «TPS» АА бас директоры А.Эяль қазақстандық медиамен ынтымақтастық орнату маңыздылығына назар аударып, бүгін қол қойылған меморандум «Қазақстан мен Израильдің екі жетекші медиа-компаниясының табысты ынтымақтастығы бастауының қадамы» саналатындығын айтты.

Бүгін қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандум Президент Телерадиокешенінің «Saudi Press Agency», «Trend», «Yonhap», «Armenpress» сынды шетелдің жетекші медиа-компанияларымен халықаралық келісімі пулын толықтыра түсті.

Анықтама үшін:

ҚР Президентінің телерадиокешені Қазақстанның ірі медиа-компаниясы саналады. Оның құрамына Jibek Joly республикалық телеарнасы, Silk Way халықаралық телеарнасы, «ҚазАқпарат» ХАА және Деректі кино орталығы кіреді.

«Tazpit Press Service» АА – Израильдің 2010 жылдан бері жұмыс істейтін ірі ақпарат агенттігі. Ол елде және өңірде жаңалық материалдарын әзірлеуді және таратуды қамтамасыз етеді.


Соңғы жаңалықтар