Президент Телерадиокешені ирандық әріптестерімен ынтымақтастықты дамытуда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Телерадиокешенінің өкілдері елордада Иран Ислам Республикасы елшілігі делегациясымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараптар бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылын арттыру, контент алмасу және бірлескен жобаларды іске қосу мәселелерін талқылады. Қос мемлекет қарым-қатынасындағы мәдени байланыстардың маңызды рөлі де ерекше атап өтілді.

Президент Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаеваның айтуынша, мәдени байланыстар дәстүрлі түрде халықтар мен елдер арасындағы мызғымас, достық қарым-қатынасты дамытудың берік негізі болады.

«Медиасаладағы ынтымақтастық та осыған септігін тигізеді. Жаңалықтарды, жобаларды бөлісу және оларды бірлесіп өндіру тәжірибе алмасуға ғана емес, ең алдымен, елдерімізді жақындатуға мүмкіндік береді», - деді Раушан Қажыбаева.

Өз кезегінде, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукар қазақстандық және ирандық медиакомпаниялар арасында өнімді ынтымақтастықты жолға қоюдың маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінгі кездесу – Қазақстан мен Иран Телерадиокешендерінің ынтымақтастығы жолындағы маңызды қадам және «ҚазАқпарат» пен «IRNA» агенттіктерінің бірлескен жұмысына жаңа серпін береді», – дейді Әли Акбар Джоукар.

Дипломатиялық миссия басшысы «Jibek Joly» және «Silk Way» телеарналарының Орталық Азиядағы ең заманауи роботтандырылған студиясына барып, жетекші қазақстандық БАҚ-тың техникалық жарақтандыру деңгейі әлемдік озық стандарттарға сай келетінін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Иран Ислам Республикасының медиаұйымдары арасындағы екіжақты қатынастарды дамытудың кешенді жол картасына қол қоюға дайын екендерін білдірді.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені – Қазақстанның ірі медиакомпаниясы, оның құрамына: «Jibek Joly» республикалық телеарнасы, «Silk Way» халықаралық телеарнасы, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.


Соңғы жаңалықтар