Президент телерадиокешені «Әл-Жазира» арнасымен әріптестік қарым-қатынас орнатты

2022 жылғы 4 желтоқсан, 20:22
Президент телерадиокешені «Әл-Жазира» арнасымен әріптестік қарым-қатынас орнатты

ДОХА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті телерадиокешені арабиялық «Әл-Жазира» спутникті телеарнасымен әріптестік қарым-қатынас орнатты. Бұл туралы ҚР Президенті ТРК делегациясы мен «Әл-Жазира» спутникті арнасы басшылығының кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Араб аймағының ең ірі телевизиялық холдингінің Қатар астанасы Дохадағы штаб-пәтерінде өткен кездесуде екі тарап та қазіргі саяси ландшафт пен әлем дамуының тенденциялары құбылып тұрған шақта масс-медианың рөлі маңызды екенін атап өтті. Ұлттық БАҚ-тың жаңалықтар әлеміндегі күн тәртібін қалыптастыруға қатысуы, олардың ірі әлемдік БАҚ-пен өзара іс-қимылы халықаралық ақпарат жобаларын мазмұнды ете түсуге мүмкіндік беретініне назар аударылды.

«Әл-Жазира» телекомпаниясының штаб-пәтері. Араб тіліндегі жаңалықтар студиясы. Фото:archi.ru

Қазақстан тарапы әріптестеріне құрамына бірнеше медиа-актив кіретін Президент телерадиокешені трансформацияға түсіп жатқанын айтып берді. Медихолдингтің құрамына елдің іші мен сыртына бірдей хабар тарататын «Jibek Joly» телеарнасы мен «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі, Деректі кино орталығы кіреді.

Шетелдік әріптестермен іскерлік әрі достық қарым-қатынас орнату, тәжірибе алмасу, ұлттық мүдделерді әлемдік ақпарат нарығына шығару Телерадиокешен жұмысының маңызды бағыты болып отыр.

Әлем тележурналистикасында мойындалған «Al Jazeera» телекомпаниясымен бірге жұмыс істеу – контент алмасу мен оны ілгерілетуде, сондай-ақ бірлескен медиа-жобалар жасауда зор тәжірибе болмақ, -

дейді «ҚР Президентінің телерадиокешені» КеАҚ бас директоры Раушан Қажыбаева.

Қазақстандық делегацияның Дохаға сапары бірнеше күнге жоспарланған. Бірінші күні Al Jazeera Media Network құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен келіссөз өтті. Келіссөзге Al Jazeera Media Network бас директоры доктор Мостефа Суаг та қатысты.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы бірлескен келісімге қол қояды деген жоспар бар. Соның негізінде екі арадағы әріптестікті жүйелендіріп, халықаралық ақпараттың күн тәртібін қалыптастыру бойынша тиімді диалогті дамытатын жағдай жасау көзделіп отыр.

«Әл-Жазира» телекомпаниясының штаб-пәтері. Араб тіліндегі жаңалықтар студиясы. Фото: archi.ru

«ҚР Президентінің телерадиокешені» Қазақстанның ең ірі медиа-компанияларының бірі болып есептеледі. Оның құрамына: «Jibek Joly» телеарнасының республикалық және халықаралық қосыны, Қазақстандағы ең тарихы бай «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.

«Әл-Жазира» телекомпаниясы (Al Jazeera Media Network) – 1996 жылы Қатар Әмірінің Жарлығымен құрылған халықаралық телекомпания. Телекомпания әлемнің көптеген елінде араб және ағылшын тілдерінде хабар таратады, 50-ден астам шетелдік бюросы бар. Холдингтің деректі мазмұны Al Jazeera Documentary телеарнасында көрсетіледі.


Суретте Al Jazeera Media Network бас директоры, доктор Мостефа Суаг ҚР Президенті Телерадиокешенінің делегация мүшлелерімен бірге.


Теги:
БАҚ   Әлем  
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar