Президент тарихи әділдікті қалпына келтірді – Қарин майдангерлердің наградталуына қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Халық қаһарманы» атағын алған үш майдангердің қай-қайсысы да халық жадында нағыз батырлар ретінде сақталған. ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Президент Жарлығымен үш отандасымыздың наградталуына орай осындай ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін адамзат тарихындағы ең алапат соғыста өшпес ерлік жасаған отандастарымызға Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Олар – Төлеуғали Әбдібеков, Александр Несмиянов және Ыбырайым Сүлейменов. Кезінде батыр атағына ұсынылғанымен, түрлі себептерге байланысты ерліктері елеусіз қалған жауынгерлердің қай-қайсысы да ең жоғары марапатқа әбден лайық азаматтар еді», - деп жазды Ерлан Қарин Facebook-парақшасында.

Оның атап өтуінше, 302-ші гвардиялық атқыштар полкінің аға сержанты Төлеуғали Әбдібеков сол кездегі ең үздік 20 снайпердің бірі болған. Бір өзі 397 дұшпанды нысанаға іліктірген мергеннің мылтығы бүгінде Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейінде сақтаулы тұр.

Ал 690-шы атқыштар полкінің командирі Александр Несмиянов соғыс кезінде үш рет батыр атағына ұсынылған. Шешуші сәттерде ерекше қайсарлықтың үлгісін көрсеткен ол аса күрделі тапсырмаларды орындап, жаудың бетін қайтаруға зор үлес қосқан.

100-ші жеке атқыштар бригадасының старшинасы Ыбырайым Сүлейменов те құралайды көзге атқан мерген болды. Ол үш жүзге жуық жаудың көзін жойды. Невель қаласының түбіндегі кескілескен шайқаста Мәншүк Мәметова екеуі ерлікпен қаза тапты. Алайда снайпердің ерлігі лайықты бағаланбады.

«Үш майдангердің қай-қайсысы да халық жадында нағыз батырлар ретінде сақталған. Бүгін Мемлекет басшысы тарихи әділдікті қалпына келтірді», - деп атап өтеді Мемлекеттік хатшы.


Соңғы жаңалықтар