Президент тапсырмасымен лабораториялық зерттеулер үшін рұқсат беру жеңілдетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зертханалық зерттеулер тиімділігін арттыру – пандемиямен барша күрестің тиімділігін қамтамасыз ететін басты компонент екенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік комиссияға зертханалық зерттеу жүргізу үшін рұқсат беру рәсімін жеңілдетуді және жеке субъектілер тарапынан ПТР-зертханалардың саны мен қуатын арттыру үшін ынталандыру жасауды тапсырамын», - деді Президент коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте.

Сонымен қатар Қ. Тоқаев қажетті материалдармен үздіксіз қамтамасыз ету ерекше бақылауға алынуы керектігін атап өтті. Осы мақсаттар үшін импортталатын барлық жабдықтар мен материалдар «жасыл дәліз» бойынша жеткізілуі тиіс.

Мемлекет басшысы тәуекел тобындағы адамдарға, яғни қарттар мен қант диабеті, демікпе, туберкулез және басқа да аурулары барларға ерекше көңіл бөлінуі тиістігін айтты. Осы орайда бұл адамдардың қауіпсіздігін бірінші кезекте қамтамасыз ету қажет.

Мұнымен қоса Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзекті ұсыныстары мен пандемияның қиын кезеңінен өткен елдердің тәжірибесін тыңғылықты қарап отыруды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар