Президент тапсырмасымен браконьерлікпен күреске бағытталған қылмыстық заңнама күшейтіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Браконьерлікпен күресті күшейту үшін Президент тапсырмасына сәйкес қылмыстық заңнама күшейтілетін болады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі қайғылы оқиғадан соң, Президент тапсырмасына сәйкес қылмыстық заңнама күшейтіледі. Министрлік браконьерлермен күресу үшін, заң жүзінде нақты қадамдарды қолға алады. Мұндай орны толмас қайғылы оқиғалар қайталанбауы қажет», - деп жазды ведомство басшысы Twitter-де.

Сондай-ақ оның айтуынша, бір айдың ішінде «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары браконьерлермен күресу бойынша теориялық және практикалық арнайы оқудан өтетін болады.

Бұған дейін М.Мырзағалиев браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспектордың жақындарына көңіл айтып, оның отбасына қажетті көмек көрсетілетінін мәлім еткен болатын.

«Қаныш Нұртазиновтың туыстары мен жақындарына өз атымнан және министрлік атынан қайғыра көңіл айтамын. Инспектордың артында қалған бес баласы мен отбасына барлық көмек көрсетіледі. Марқұмның жерлеу шараларын өз қолымызға аламыз», - деді ол.

Сондай-ақ министр жараланған инспектор Самат Оспановтың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 23 шілде күні таңертең «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов Ақмола облысының Жарқайың ауданында киік ату фактісін анықтап, браконьерлерді ұстау барысында оқ жарақатын алды. Кейін, олардың бірі – 43 жастағы Қ.Нұртазинов жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Ал 44 жастағы әріптесі Жарқайың аудандық ауруханасына жеткізілді.

Қ.Нұртазиновтың артында төрт баласы қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инспектордың отбасына көңіл айтты.

Факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оны ашу ісін ҚР Ішкі істер министрі жеке бақылауына алды.

23 шілде күні түнге жуық Ақмола облысы бойынша Полиция департаменті қос инспекторға шабуыл жасады деген күдікпен Арқалық қаласының тұрғындары – әкесі мен баласы ұсталғанын мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар