Президент тапсырмасымен Ақтөбедегі Үсеновтер отбасының баспана мәселесі оң шешімін тапты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақтөбеде қайырымды жандардың арқасында анасынан ерте айырылған Үсеновтер отбасы баспаналы болды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 4 баланың асыраушысы — жалғызбасты Амангелді Зайдуллаевқа 3 бөлмелі пәтер кілтін тапсырып, балалардың баспаналы болуына атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақ халқында «қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қанатты сөз бар. Қайырымдылық жасау, жабырқағанның жанынан табылу, шарасызға көмек қолын созу – халқымыздың қанына біткен асыл қасиеттерінің бірі. Бүгінгі шара, біздің болашағымыз – балалар үшін жасалып жатқан игі іс. Аталған мәселе мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Біздің міндетіміз - баланың жүзінен күлкі, жүрегінен қуаныш кетпейтін өмір сыйлау. « Харекет « қайырымдылық қоры, «Нектар» құрылыс компаниясы, барлық көмек қолын созған қайрымды азаматтардың арқасында бір отбасы баспаналы болды»,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.


Көпбалалы отбасы бұған дейін Амангелді Зайдуллаевтың ағасының меншігіндегі шағын үйде тұрып келген.

Қиын жағдайда қалған бүлдіршіндердің мәселесін шешу мақсатында өңір басшысы жетекші құрылыс компанияларымен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде «Нектар» құрылыс компаниясының басшысы Шамиль Каспранов жаңаша үлгіде салынған, аумағы 93 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтерді жеңілдетілген бағамен ұсынды.

«Нектар» тұрғын үй кешенінде орналасқан жаңа пәтердің ішіне қажетті мүлік сатып алып беруге өңірдегі ірі кәсіпорындар да атсалысты.


«Айс» ЖШС құрылтайшысы Марат Итегулов, «Кәсіпкерлердің құқығын қорғау қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Талғат Хамитов, «Қазақстанның сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындары нарықтарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Ақтөбе филиалының директоры Дмитрий Довматенко, этнодизайнер, «Алтын Орда» авторлық үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада, «Мектепке дейінгі ұйымдардың Қазақстандық ассоциациясы» Ақтөбе филиалы төрайымы Н.Каюдина және Ақтөбе қаласындағы барлық жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары, Ақтөбе облысы бойынша «Әйелдер қауымдастығының» жетекшісі Күлшат Масалимова, ҚХА жанындағы аналар кеңесі төрайымы Жұмабике Шамшадинова, мектеп мұғалімдері тұрмысқа қажетті бұйымдармен қамтамасыз етілуіне қаржылай көмек көрсетті.

Үсеновтер отбасына бұған дейінде мемлекет тарапынан түрлі акциялар аясында қолдаулар көрсетіліп келді.


Соңғы жаңалықтар