Президент тапсырмасы: Жас таланттарды қолдау мақсатында Мәдениет қоры ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шығармашылық бастамаларды қолдау мақсатында Мәдениет қорын ашу туралы тапсырма бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Волонтерлер еліміздің рухани әлеуетін арттыруға үлес қосуы тиіс. Мәдениетімізді дамытпай, өсіп-өркендеу мүмкін емес. Сондықтан осы мәселеге ерекше мән беруіміз қажет. Қазіргі таңда мәдениет және өнер саласында жас таланттардың арқасында Қазақстан күллі әлемге танылып келеді. Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Яғни ойы ұшқыр әрі дарынды азаматтарды барынша қолдау қажет. Сонда ғана төл мәдениетімізді жаңа белеске көтеретін буын қалыптасады», - деді Мемлекет басшысы елордадағы «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатында.

Президент шығармашылық бастамаларды қолдау мақсатында Мәдениет қорын ашу туралы тапсырма бергенін айтып өтті.

«Бұл құрылым – шығармашылық одақтарға, әлеуетті жобаларға қаржылық және басқа да бағыттағы көмектерді береді. Қордың жұмысына волонтерлерді де тарту қажет. Олар музей, кітапхана, өнер мекемелерінде өздерінің жобаларын жүзеге асыра алады. Осы шаралар еліміздің шығармашылық әлеуетін нығайтуға мол мүмкіндік береді», - деді ол.

Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысты. Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.


Соңғы жаңалықтар