Президент тапсырмасы: Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін арттыруға күш саламыз – Шынар Ғабдрахманова

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде мемлекеттік басқару жүйесін реформалауды кешенді жүргізу міндетін айқындап берген болатын. Осыған орай ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Шынар Ғабдрахманова өз пікір-пайымын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Президент елдің экономикалық, әлеуметтік, өндірістік, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда басталған реформаларды іске асырудың сапасы мен тиімділігі негізінен мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілердің жұмысына тәуелді екендігіне назар аударды.

-Мемлекеттік органдарда жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілік деңгейлері әр түрлі екендігі анық. Бірақ Президент атап өткен мемлекеттік аппараттағы кадрлық әлеуеттің төмен деңгейі, халық тарапынан билікке сенімсіздік таныту, бюрократия мәселелері де бар. Аталған мәселелерді шешу мемлекеттік аппаратқа, билікке халықтың сенімін тудыру тетіктерін қарастыруды талап етеді, - дейді Шынар Төлегенқызы.

Бұл мәселелерді мемлекет анық түсініп отыр. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында мемлекеттік қызмет жүйесінде кәсіби даму мен бизнес-процестерді жаңа сапалық деңгейде жүргізу міндеті қойылды. Тұжырымдама «Ең алдымен – адамдар» деген принциппен мемлекеттік басқарудың «адамдық» моделін құруды көздеді. Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі тиімді, «халық үніне құлақ асатын», есеп беретін, кәсіби әрі сындарлы мемлекет құруға негізделіп, нәтижесінде мемлекеттік қызметтегі адами ресурстардың сапасын жақсарту, құндылықтары жоғары мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыру, мемлекеттік қызметке жоғары білікті мамандарды тарту үшін жағдай жасау, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және проактивтік қызмет көрсету аясын кеңейтуді белгіледі.

«Дегенмен, барлық мемлекеттік қызметшілерді халықпен сөйлесе алады деп айта алмаймыз. Тараптармен келіссөздер жүргізу, бірін-бірі тыңдау, коммуникациялар құру дағдыларының болмауы көп жағдайда халық пен билік арасындағы түсініспеушілікке әкелді», дейді филиал директоры.

Оның сөзіне қарағанда, қазір Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау курстары, біліктілікті арттыру семинарларында оқытылатын пәндердің контенті қайта қаралып отыр.

Академия және оның филиалдарында дағдарыстық жағдайларда тиімді коммуникация құру бойынша кейстер дайындалып, оқыту мазмұнын толықтыру жұмыстары жасалуда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет: халықпен және азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесу құралдары», «Белгісіздік жағдайында қызмет тиімділігін арттыру», «Тиімді коммуникация: ақпаратпен жұмыс жасау техникалары», «Эмоционалды интеллект және тиімді қарым-қатынас» тақырыптарында 2022 жылға семинарлар жоспарланды. Оларға қоса «Эмоционалды интеллект және дағдарысқа қарсы коммуникациялар», «Белгісіздік жағдайындағы коммуникациялар», «Дағдарыстарды басқару», «Мемлекеттік органдардың сындарлы диалог құру тәсілдері» атты жаңа тақырыптар жасақталды. Бұл мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетіне қатысты айтылған мәселені шешудің бір жолы деуге болады.

Мемлекеттік аппараттағы шектен тыс бюрократия шешім қабылдауда, тез қимылдау сәттерінде кедергі келтіретін болса, онда, әрине, бұл қауіптің әсерін барынша төмендету қажет. Бұл өз алдына мемлекеттік органдардың атқаратын қызметтеріне функционалды талдау жасауды, ондағы орын алған бизнес-процестерді қайта қарауды талап етеді.

Бизнес-процестерді оңтайландыру және бюрократияны жою жөніндегі жолдарды ұдайы іздестіру – бұл мемлекеттік басқаруға енген жаңа құндылықтар.

«Академияда 2017 жылы ашылған Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығы құрамында осы бизнес-процестерді зерттеу секторы жұмыс жасайды. Процестік тәсілді зерттеу секторы билік органдарының қызметінде процестерді ажыратып алу, оларды стандарттау, мақсатқа сәйкестігі мен экономикалық тиімділігін есепке ала отырып, процестерді қайта құрылымдау (реинжиниринг), процестің нәтижесі үшін жауаптыны тағайындау мен нәтиженің тиімділігінің сандық, сапалық көрсеткіштерін белгілеу қызметтерін көрсете алады. Бүгінгі таңда біздер мемлекеттік органдарға бизнес-процестерді оңтайландыру және қайта құруға байланысты кеңес беруге, оқытуға дайынбыз. Арнайы оқытылған тренерлеріміз де, бизнес-процестерді талдау тәжірибеміз де бар», дейді Ш.Ғабдрахманова.

Бизнес-процестерді оңтайландыру – бұл мемлекеттік аппараттың тұтынушыға бағытталуын, ішкі қызмет жүйесінің тиімділігін арттыру және басқару жүйесін нәтиже негізінде құруды көздейді. Бұл үрдіс процестік тәсіл әдіснамасына сүйенеді. Процестік басқаруда мемлекеттік органдардың қызметі азаматтар мен бизнестің сұранысын қанағаттандыруға бағытталған өзара байланысты процестердің желісі болып табылады. Әрбір мемлекеттік орган біртұтас үрдіске өз үлесін қосып отырады. Яғни, бір бизнес-процесте бірнеше мемлекеттік органдар өз міндетін атқару арқылы кешенді жұмыс жасау алгоритмі белгіленеді. Бизнес-процестерді оңтайландыруға қатысатын қызметкерлердің бойында үнемді өндірістің құралдары мен сыни ойлау дағдылары болуы шарт.

«Жалпы алғанда, мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау жүйесі де қайта қаралатын болады. Мемлекеттік қызмет өзіндік спецификаға ие сала, сондықтан осы салаға келетін мамандарды мұқият іріктеу, оның кәсіби және жеке қасиеттерін көру, әлеуетін барынша толық анықтау, қызмет етуге дайындығын білуді қамтамасыз етуді өте маңызды деп есептейміз. Бүгінгі таңда академия Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу тәжірибесіне ие. 2019, 2021 жылдары өткен бұл жоба HR-құралдарын қолдану арқылы тұлғаның құзыреттіліктері мен әлеуетін шынайы бағалауға болатындығы туралы қорытынды жасауға негіз болып отыр. Осы жүйенің кейбір құралдарын мемлекеттік қызметте де қолдануға болады.

Мемлекеттік қызметтегі кәсіби даму тетіктері мен бизнес-процестерді оңтайландыруда ең басты соңғы нәтиже – бұл мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығы мен тиімділігіне, мемлекеттік қызметтерді жеңіл әрі ыңғайлы алуға, азаматтар мен бизнестің сұраныстарын қанағаттандыруға қол жеткізу болып отыр», деп түйіндеді ойын Шынар Ғабдрахманова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент қордаланған мәсеелелерді шешу жолдарын ұсынғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар