Президент тапсырмасы: Коронавирустан басқа ауру түрлеріне жоспарлы көмек жалғасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кейбір ауру түріне шалдыққан науқастарға медициналық жоспарлы көмекті қауіпсіз көрсету бойынша шаралар әзірлеу қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инфекциялық емес өзге ауруларға жоспарлы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Түптеп келгенде COVID-19 біздің өмірімізде ұзақ уақыт болатын сияқты. Індеттің өткір кезеңінде өзге де ауруға шалдыққандарды жоспарлы ауруханаға жатқызу, тексеру және алдын алу жұмыстары кейінге қалдырылды. Дегенмен, бұл алдағы уақытта халықтың жалпы денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін», - деді Мемлекет басшысы.

Сондықтан Қазақстан Президенті жаңа жағдайда онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық және өзге де медициналық жоспарлы көмекті қауіпсіз көрсету бойынша шаралар әзірлеу қажеттігін баса айтты.

«Бұл жерде телемедицинаны, қашықтан кеңес беруді, дәрі-дәрмекті дер уақытында жеткізуді және қажетті тексерулерді жүргізуді пайдалану мүмкіндігін жандандыру маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар