Президент тапсырмасы: Ішкі істер министрі азаптау оқиғасы болған колонияның жұмысын тексерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Алматы облысының Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/8 колониясы қызметінің ұйымдастырылуын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Адам құқығын қорғау хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова, Халықаралық түрме реформасы Орталық Азиядағы өкілдігі директорының орынбасары Жанна Назарова, ұлттық превентивтік механизмнің мүшесі Игорь Мирошниченко және журналист Тоқнияз Кучуков, заң ғылымдарының докторы, пенитенциарист Айдархан Сқақов, ІІМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рүстем Хайдаровпен бірге сотталғандар ұсталатын отрядтар мен камераларды аралап, сотталғандарды ұстаудың тұрмыстық жағдайларымен танысты. Сондай-ақ медициналық-санитарлық көмек көрсету, тамақтандыруды ұйымдастыру және еңбекпен қамту мәселелерін қадағалады», делінген хабарламада.


Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні колонияда 737 сотталушы бар. Еңбекке жарамды сотталғандардың саны 426 адам, 243 адам жұмысқа орналастырылқан. Мекемеде жұмыспен қамту деңгейі 57% құрайды.

Колония аумағында шағын және орта бизнестің 7 нысаны жұмыс істейді, онда 119 сотталған металл құрылымдарын, кірпіш құюмен және тігін бұйымдарын әзірлеумен айналысады

Сапар барысында колониядағы жалпы білім беретін мектепті және кәсіптік-техникалық колледжді аралап көрген министр білім беру үдерісін ұйымдастыру сапасына көңіл аударды. Қоғам өкілдері оқытылатын мамандықтар тізімімен және материалдық-техникалық жабдықталу жағдайымен танысты.

Алматы облысының қоғамдық бақылау комиссиясының өкілі И. Мирошниченко министрлік тарапынан бас бостандығынан айыру орындарындағы жұмыспен қамту ұйымдары және азаматтық қоғаммен өзара диалогты нығайтудағы оң үрдістерді атап өтті.

«ІІМ оң үрдіске бет бұрды. Жұмыс нәтижелері жәй көздің өзіне анық байқалады, барлық ТЖ бойынша дереу шаралар қабылданады. Азаматтық қоғамның жұмысы үшін ешқандай кедергі жоқ», - деді Мирошниченко. Сондай-ақ, Игорь Мирошниченко түзеу мекемелерін жаңғырту бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты.

Министр азаматтық қоғам өкілдерімен бірге сотталғандардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдау барысында негізінен ұстау режімі, қылмыстық істер, тұрғылықты жері бойынша ауыстыру және құжаттандыру мәселелері бойынша 37 адам жүгінді.

«Сотталғандарды қабылдағаннан кейін Ішкі істер министрі азаматтық қоғам өкілдерімен бірге келіп түскен ұсыныс-тілектердің барлығын талқылап, бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандардың жағдайын жақсартуды оңтайландыру бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер енгізуге қатысты ұсыныстарды қарау туралы шешім қабылданды.

Бұдан соң ведомство басшысы Алматы облысының ҚАЖД жеке құрамымен жұмыс кеңесін өткізді. Кеңесте колония қызметкерлерінің жазаларды орындау саласындағы заңнамаларды және сотталғандардың құқықтарын мүлтіксіз сақтауына баса назар аударды, сондай-ақ мекемеде орын алған төтенше жағдайды тексеру нәтижелерін қарады», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға жазасын өтеушілерді азаптау деректерін тергеуді тапсырған болатын.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде формадағы адамдардың тұтқынға жәбір көрсетуі туралы видео тараған еді. Бейнежазба қоғам наразылығын тудырды. Ақыры, Алматы облысындағы ЛА-155/8 мекемесінде сотталғандарды азаптаған қызметкерлер жауапкершілікке тартылды. Колония басшылығы жұмыстан кетті.

Соңғы жаңалықтар