Президент тапсырмасы: Елімізде жас ғалымдарға қандай жағдай жасалған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жас ғалымдарға қандай жағдай жасалған. Ғылымға қызығушы мамандардың қандай мүмкіндіктері бар? Осы және өзге де отандық ғалымдар тақырыбына арналған сұрақтарға ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр Мемлекет басшысы Жолдауында жас ғалымдарға арналған жылына кем дегенде 1 мың оқу грантын бөлуді тапсырды. Осы орайда биылдан бастап PhD ғалымдарға 3 жылдық ғылым гранты қарастырылып отыр. Жалпы гранттың құны 24 млн теңге яғни жас ғалымға жылына 8 млн теңге бөлінеді. Және 1 мың АҚШ доллары көлемінде стипендия төленбек. Грантты ұтып алудың екі шарты бар. Біріншіден, жас ғалымның ғылыми жетекшісі болу керек. Екіншіден, үміткердің шетелдік ғылыми консультанты болуы тиіс. Ең бастысы ғылыммен айналысамын, қазақстандық ғылымға үлесімді қосамын деген талпынысы болғаны жөн. Одан бөлек, өзінің ғылыми тақырыбы, идеясы болғаны абзал», - деді Жанна Құрманғалиева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, соңғы уақытта отандық жас ғалымдарға ерекше назар аударылып жатыр.

«Бүгінде жас ғалымдардың қатысуымен елімізде 315 ғылыми жоба іске асырылып жатыр, ол үшін 17,8 млрд теңге қарастырылған. Президенттің тағы бір тапсырмасы отандық ғалымдардың шетелден тағылымдамадан өтуі. Тапсырмаға сай жыл сайын 500 қазақстандық ғалым шетелдің танымал оқу орындарынан тағылымдамадан өтуі тиіс. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы 49 отандық жас ғалым шетелден тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болып отыр. Сол үрдіс жыл соңына дейін жалғасын табады. Осылайша жас ғалымдарымыздың әлемнің кез-келген жерінде озық тәжірибе алып, ғылыммен айналысуға мүмкіндігі бар», - дейді ол.

Сондай-ақ, комитет басшысы биыл 28 қазанда қазақстандық ғалымдардың шетелден тағылымдамадан өтуіне арналған байқау өтетінін тілге тиек етті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде 2025 жылы ғалымдардың саны 1,5 есеге көбейетіні айтылды.


Соңғы жаңалықтар