Президент тапсырмасы: БҚО-да суармалы жер алқабын 44 мың гектарға арттыру көзделуде

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бес жылда суармалы жер алқабын 44 мың гектарға арттыру көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының суармалы жерлерді ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жол картасы бекітілді.

«Биыл 5 061 га суармалы жерді қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Батыс Қазақстан облысы артықшылықтарының бірі – таза экология. Осы артықшылықты әрі қарай дамыту үшін біз жыл сайын ауаны тазартуға байланысты жаңа жобаларды енгіземіз. Мысалы, былтыр пластик құбырларды, полистиролдан жасалған қаптарды және тамақ қалдықтарын өңдеуді бастадық», деді өңір басшысы.

Ғ.Есқалиевтің сөзіне қарағанда, сондай-ақ облыс халқының картоп, пияз, қырыққабат, сәбізге қажеттіліктерін толық қанағаттандыру мақсатында «Жасыл белдеу» жобасы бойынша дақылдардың алқабы 40 пайызға дейін ұлғаяды.

Аталған жобада көкөніс қоймаларының сыйымдылығын арттыру да жоспарланған. Былтыр 6 мың тонна құрайтын 3 қойма салынса, биыл 13 мың тонналық 4 көкөніс қоймасы тұрғызылмақ.

Сол секілді сүт және сүт өнімдерінің импортына тәуелділікті төмендету мақсатында «Сүт белдеу» жобасы бойынша былтыр сүт өндірісі көлемі 3,1 мың тоннаға артса, биыл қосымша 5 мың тоннаға көбеймекші.

«Осы жұмыстар өңір тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге және бағаны тұрақтандыруға өз септігін тигізетін болады», деді әкім.


Соңғы жаңалықтар