Президент тапсырмасы: БҚО-да электр желілерін жаңғыртуға қанша қаржы қажет

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында электр желілерін қайта жаңғырту көзделуде. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Батыс Қазақстан облысында электр желілерінің 80 пайызға тозғандығын сынға алып, осыған орай мәселені шешу жөнінде тапсырма берген болатын.

Ғали Есқалиевтің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде электр желілерін тарату компаниясының акциялары мен мүлкін коммуналдық меншікке беру мәселесі сотта қаралып, шешілуде.

«Бұл мәселе шешілсе, бюджет есебінен жаңғырту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туар еді. Өйткені электр желілері мен жабдықтары әбден тозғандықтан, мәселе күрделеніп тұр. Күшті жел тұрса, электр желілері үзіліп жатады. Коммуналдық меншікке берілгеннен кейін облыстық және республикалық бюджеттен қанша қаржы керектігін білетін боламыз. Осы орайда электр желілерін қалпына келтіру жоспары жасалды», - деді өңір басшысы.

«Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ директоры Алхат Абзалиловтің айтуынша, электр желілері 82 пайызға тозған.

«Мәселені шешу үшін 2021-2025 жылдарға арналған «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның электр желілерін жаңғырту жоспары жасалды. Алдын ала есеп бойынша, жобаны жүзеге асыруға 22,3 млрд теңге қажет», - деді А.Абзалилов.

Жиын барысында сондай-ақ бюджеттік және инвестициялық бағдарламалар бойынша үш жаңа жоба таныстырылды. Атап айтқанда, 296 млн теңгеге ұзындығы 36 км Жаңақала-Мәстексай 35 кВ әуе желісін салу көзделуде. Сол секілді Қазталов-Жәнібек-Сайқын ВЛ-110 кВ және «Белес газтурбиналы стансасы 200 – «Ақжайық» қосалқы стансасы» (ұзындығы 17 км, 613 млн теңге) әуе желілерін жүргізу жоспарланып отыр. Бұл өз қуат көздерімізді пайдалану арқылы оны арзандатуға және Ресейден жеткізілетін электр жарығынан бас тартуға мүмкіндік береді.

Жиында облыс пен аудандардағы электр желілерін жаңғыртуға байланысты басқа да ұсыныстар айтылды.

Ғ.Есқалиев жобаларды оң бағалап, бірқатар тапсырма берді. Бұл ретте келісімшарт жасасқан кезде жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беру және оларға делдалдарсыз, тікелей шығу керектігін атап көрсетті.


Соңғы жаңалықтар