Президент тапсырмасы: Биржалық сауда-саттық уақытша тоқтатылды
2022 жылғы 22 қаңтар 20:28

Президент тапсырмасы: Биржалық сауда-саттық уақытша тоқтатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша биржалық сауда-саттықты жағдай тұрақталғанға дейін уақытша кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша биржалық сауда-саттықты жағдай тұрақталғанға дейін уақытша кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты бірінші кезекте агенттік алдында автогазға белгіленген шекті бағалардың сақталуын бақылау міндеті тұр. Келесі жылдан бастап сауда-саттықты қайта бастауға дайындау үшін агенттік тарапынан сұйытылған газ саудасының секциялық биржалық ережелері әзірленеді», - деп жазды Серік Жұманғарин өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Сондай-ақ агенттік төрағасы осы уақыттан бастап сұйытылған газ биржалық тауар деп танылғанын еске салды. Бұл сұйытылған газ саудасының жүргізілуін одан әрі бақылауды бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізетінін білдіреді.

«Бүгінгі таңда белгіленген өкілеттіктер шеңберінде агенттік автогазға бөлшек сауда бағаларын уақытша реттеуді енгізді. Энергетика министрлігі көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын белгіледі», - деп түсіндірді Серік Жұманғарин.


Jańalyqtar

MURAǴAT