Президент тапсырмасы: Атырауда құрылысы тоқтаған концерт залының орнына мәдениет орталығы салынады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Президент тапсырмасына орай Атырауда құрылысы тоқтаған концерт залы бұзылып, оның орнына мәдениет орталығы салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент биылғы қарашада Атырауға келген сапарында мәдениет орталығын салып, оған Құрманғазының атын беруді ұсынған еді.

«Облыстағы мәдениет саласын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Қалада мәдениет орындарының көбірек болғаны жөн. Мен Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырамын. Оны қазақ күй өнерінің алыбы – Құрманғазының атымен атауды ұсынамын», - деді Президент.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, құрылысы тоқтап тұрған концерт залы бұзылады. Оның орнына Құрманғазы атындағы өнер орталығын салу көзделген.

«Атырау қаласындағы құрылысы толық аяқталмаған концерт залы бұзуға ұйғарым жасалып отыр. Нысан толық бұзылған соң оның орнына жаңа мәдени орталық салу жөнінде тапсырма берілді. Осыған байланысты тиісті саланың жауапты мамандары ұсыныс дайындайды. Жаңа мәдениет және шығармашылық орталықтың жобасы жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткеннен соң таныстырылады», -дейді Жасұлан Бисембиев.

Бұдан бұрын Атырауда құрылысы тоқтаған концерт залы сауда орталығына айналуы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.

«Алдағы уақытта концерт залы сауда-ойын-сауық орталығы ретінде қайта жаңғыртылады. Инвестор жобаның құны мен техникалық параметрлерін есептейді. Ал, сауықтыру-монша кешенінің бастапқы мақсатын өзгерту инвестормен келісілгеннен кейін белгілі болады», - деген еді облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зайнолла Мәненов.

Ашық көздерден алынған фото


Соңғы жаңалықтар