Президент тапсырмасы: 410 колледж кәсіпорындар қамқорлығына берілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандық кәсіпорындар 400-ден астам колледжді өз қамқорлығына алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі өткізген баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың бірі – ірі бизнестің колледждерге қамқорлық көрсетуі. Тапсырмаға сәйкес бүгінде 498 кәсіпорын 410 колледжді өз қамқорлығына алып отыр. Кәсіпорын өкілдері қамқоршылық кеңестер құрамына кірді. Енді колледждерді жарақтандыру, студенттерді практикадан, ал педагогтерді тағылымдамадан өткізуге кіріседі. Осы күнге дейін 300 мыңнан астам студент пен 5 мың педагог кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтті», - деді Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринова ОКҚ-де өткен брифингіде.

Оның айтуынша, колледждерді өз қамқорлығына алатын ірі кәсіпорындардың тізбесі жасалды.

Еске салайық, былтыр қаңтарда Мемлекет басшысы еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездесуі барысында оларды арнаулы оқу орындарын қамқорлыққа алуға шақырған еді.

«Мәселен, білікті кадрлардың, әсіресе техникалық мамандықтар бойынша жоқтығына шағымданғанның орнына ірі бизнес колледждерді қамқорлыққа алып, олардың қамқоршылық кеңесіне кіріп, жастарды тәжірибеге неге алмасқа, зертханалар мен шеберханаларды жабдықтамасқа? Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан жекелеген корпорациялардың бар екендігін білемін. Дегенмен, мұны жаппай жолға қою керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар