Президент тапсырмасы: 243 мың адамның несиесі толығымен өтеледі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында азаматтардың борыш жүктемесін азайту бойынша шаралар қыркүйек айында іске асырылады. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі Қостанай филиалының директоры Жомарт Қажрахимов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, елімізде несиелерін жаба алмай, қарызға батқан тұрғындар саны бес жүз мыңға жеткен. Осы орайда, ҚР Президенті Қ.Тоқаев халықтың осал топтарының несиесін жабуды тапсырған болатын. Қостанай облысында азаматтардың борыш жүктемесін азайту бойынша шаралар кешенді түрде жүзеге асырылады.

«Жеңілдіктер көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатындар, мүгедек балалары бар ата-аналар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмекке ие аналар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. Президентіміз бұрын-соңды болмаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру. Республика бойынша 243 тұрғынның несиесі өтелса, тағы 197 мың адамның қарызы жартылай төленеді», - деді Жомарт Қажрахимов.

Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 88,5 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Жарлықты іске асыру мақсатында Үкімет пен Ұлттық банк азаматтардың берешегін өтеу тетіктерін әзірлеп, тиісті ережелер қабылдады. Атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені толығымен өтейді. Бұдан бөлек, олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 миллион теңгеден аспауы тиіс.

«Үкімет қаулысына сәйкес, кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша берешекті өтейтін және кредиттік бюроға жіберілген адамдардың тізімі жасалды. Кредиттік бюро тізімді банктер және шағын қаржылық ұйымдармен салыстырып, тексереді. Қыркүйек айында банктердің шоттарына ақша аударылады. 2019 жылғы 5 қыркүйекке дейін борышкерлердің берешегін өтеу толықтай жүзеге асырылады. Ал 9 қыркүйекке дейін проблемалық кредиттер қоры жұмысын аяқтайды», - деді банк төрағасы.

Айта кетер жайт, еліміз бойынша 168 микроқаржы ұйымы мен 28 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Оның ішінде Қостанай облысында 13 екінші деңгейлі банк пен 7 шағын қаржы ұйымы тіркелген.

Соңғы жаңалықтар