Президент Талдықорғанда жаңадан ашылған ғимараттарды аралады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары барысында Талдықорғанда былтыр пайдалануға берілген көрме кешені мен Салтанат сарайында болды. Бұл жерде Президент кәсіпкерлермен жүздесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасына «Atameken Business Cіtу» ғимаратының тұжырымдамасы таныстырылды. ШаҺардың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан көрме кешенінде Алматы облысының кәсіпкерлер палатасының кеңсесі орналасқан. Аталған нысанда open space форматында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, сонымен қатар «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп отырған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және бизнес-инкубатор жұмыс істейді. Кездесу барысында Президент алдында жетісулық кәсіпкер Римма Салықова сөз сөйлеп, бизнес өкілдеріне жасалып отырған қамқорлығы үшін зор алғысын білдірді.

«Біз Алматы облысының кәсіпкерлеріміз. Мемлекет тарапынан жасалып отырған зор көмек үшін алғысымды білдіргім келеді. Мына жаңа орталықта кәсіпкерлер үшін барлық қызмет түрі қарастырылған. Ары-бері сандалып жүрмейміз. Уақыт үнемдеу жағынан да тиімді», - деді Р.Салықова.

null«Алматы облысы ешбір өңірге ұқсамайтын, бірегей аймақ. Біріншіден, тауы, даласы мен өзендері жарасқан еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі. Екіншіден, мұнда өнеркәсіп пен экономика да жақсы дамыған. Үшіншіден, бұл шекаралық облыс (...) Соңғы үш жылда бұл өңір жақсы дамып келеді. Әкім және қызметкерлері жан-жақты тиімді қызмет атқаруда. Қант қызылшасын өсіру облыста қашанда басымдыққа ие болатын. Қазіргі таңда жаңа қант зауыттары іске қосылған. Мүмкіндіктер бар. Облыс әкімінің соңғы үш жылда атқарған жұмыстарына оң баға беремін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Аматы облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов Мемлекет басшысын кәсіпкерлер құқығын қорғау, қаржылай емес қолдау көрсету, ауыл шаруаларын шоғырландыру, жобаларды қаржыландыруға көмектесу бойынша атқарылған жұмыс нәтижесімен  таныстырды.

«Биыл «Бастау» бойынша оқыту облыстың барлық аудандары мен қалаларында жүргізіледі. Былтыр жоба аясында 1 312 адам оқыса, биыл 3 мыңнан астам адам қамтылады деп жоспарланған. Шағын несиелеуге қосымша 20 млрд теңге бөлінді, осы мүмкіндік арқылы биыл жоба санын 650-ге дейін ұлғайтып, қаржыландыру көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз», - деді Нариман Әбілшайықов.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы жұмыс сапарын қорытындылап, 5 әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға назар аударуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар