Президент сынынан кейін киік популяциясын реттеу мәселесі қайта талқыланды – министр

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде киіктердің популяциясын реттеу мәселесі ғылыми зерттеудің нәтижесінен кейін нақтыланады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент сынынан кейін барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, қауымдастықтар және ғалымдармен тағы да жиналдық. Киіктер популяциясын реттеу және пайдалану мәселесі қайта талқыланды. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды, ғылыми зерттеулерді тереңірек жүргізу қажет деген қорытындыға келдік. Яғни киіктердің көші-қон жолдарын, тіршілік ету ортасын, жем-шөп базасын қарау керек», - деді Серікқали Брекешев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министр ақбөкендердің популяциясы үнемі өсіп отырмайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, белгілі шек бар, содан кейін киіктер жем-шөп үшін өзара бәсекеге түседі.

«Ішкі бәсекелестіктің артуы жануардың өзін әлсіретеді. Сондықтан осы мәселенің барлығын тағы да қарастырамыз. Содан кейін біз дұрыс шешімге келеміз. Бірақ, егер тарихи тұрғыдан алсақ, Кеңес заманында киіктердің популяциясын реттеу тәжірибесі болды және олардың саны сақталды», - дейді ол.

Сондай-ақ, министр киіктер тағдырына қатысты шешім ғылыми зерттеулердің нәтижесінен кейін қабылданатынын айтып отыр. Айтуынша, ғылыми зерттеулер 1-2 жылға созылуы мүмкін.

«Зерттеудің алғашқы нәтижелері белгілі болғанға дейін киіктердің популяциясын реттеу немесе пайдалану туралы шешім қабылданбайды», - деп толықтырды Серікқали Брекешев.

Бұған дейін ведомство басшысы итбалықтардың қырылу себебін түсіндірген еді.



Соңғы жаңалықтар