Президент: Соңғы жылдары бәрінің де заңгер мен экономист болғысы келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бес әлеуметтік бастама бойынша студент жастарға грант бөлуде неліктен техникалық мамандықтарға маңыз берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үшінші бастама - жоғары білім алудың сапасына қатысты болып отыр. Біз гранттардың санын арттырып жатырмыз. Бұл ретте, әсіресе техникалық мамандықтарға баса маңыз беріледі. Бізде бұл жерде дефицит бар. Біз жаңа кәсіпорындарды енгізіп, индустрияландыруды жүзеге асыруды қолға алдық. Ал ол жерде бізге кадрлар керек. Соңғы жылдары бәрі де заңгер мен экономист болғысы келеді. Олар бізде жеткілікті. Біздегі білім жүйесі жылдан жылға сапалы түрде өсіп келеді. Сондықтан Қазақстанның абитуриенттері дәл қазақстандық жоғары оқу орындарын таңдауы да логикалық тұрғыдан дұрыс», - деді Президент елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы студенттердің жатақхана мәселесін шешу де маңызды екенін алға тартты.

«Олар (жатақханалар - авт.) түнеп шығатын ғана орын емес, тұруға толығымен тұрарлық орынға айналуы керек. Менің ойымша, осы қадам арқылы біз студент жастарға үлкен көмек көрсететін боламыз. Бұл олардың дұрыс оқуына және болашағына керек», - деді Президент.

Айта кетсек, елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясы өтті.

Соңғы жаңалықтар