Президент Сиань қаласындағы Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты

None
СИАНЬ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларды құрылыстың басталуымен құттықтап, аталған жобаның маңыздылығын атап өтті.

«Еліміз соңғы 15 жылда бұл салаға 35 миллиард доллар инвестиция салды. Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығын құрдық. Жаңа теміржол бағыттарын аштық. «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты жұмыс істей бастады. Каспий теңізінде заман талабына сай инфрақұрылым жасалды. Осы шараларды жүзеге асырылып жатқан жұмыстың бір бөлігі деуге болады. Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асты. Біздің ынтымақтастығымыз мұнымен шектелмейді. Алыс-берісті одан әрі дамыту үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Сондықтан қытайлық әріптестермен бірге Сиань қаласындағы құрғақ портта логистика орталығын салу керек деген шешім қабылдадық. Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Келесі жылдан бастап құрғақ порт арқылы электроникаларды, компьютер бөлшектерін, автомобильдер мен автобөлшектерді, тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, аяқ киім мен аксессуарларды, азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін, құрылыс өнімдері мен құрылыс материалдарын, сондай-ақ рудаларды, металдарды және химиялық өнімдерді тасымалдау жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар