Президент Шымкент маңындағы елдімекендер мәселесін көтерді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесуде қала маңындағы елдімекендер мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев қалада көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру қажет екенін айтты.

«Қаланың айналма жолын тұйықтайтын автожолды тезірек іске қосуды және жаңа әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырамын.

Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді мекен қосылды, сол себепті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру қажеттігі туындады. Осы мақсатқа 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде ауыз су, электр қуаты және газ мәселесі біршама реттелді. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 2 елді мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын», - деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Президенттің айтуынша, өңірдегі тағы 8 елді мекенде газ мүлдем жоқ.

«Қазір 8 елді мекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елді мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетсек, Президент Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген болатын. Қ.Тоқаев шаһарды дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінгенін айтты.


Соңғы жаңалықтар