Президент шетелден қайтарылған активтер қайда жұмсалатынын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет шетелге заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін қажетті заң жобасын әзірлейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президентті ұлықтау рәсімінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға тиіспіз. Бұл үшін Үкімет заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасын әзірлейді. Сонымен қатар заң жобасы әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, Президент қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуы қажеттігін баса айтты.

«Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қоямын. Жақын арада ауқатты кәсіпкерлер халықтың игілігі үшін өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін жандандырады деп ойлаймын», - деді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін ел астанасындағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президенті ретінде ұлықтау рәсімі өтуде. Бұл инаугурация – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші ұлықтау рәсімі.

Еске салсақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының шығарған қорытындысы бойынга 20 қарашадағы кезектен тыс президент сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын.


Соңғы жаңалықтар