Президент шалғай ауылдарды SpaceX және OneWeb спутник желілерімен қамтуды тапсырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан аумағын интернетпен қамту барынша жоғары. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қазақстандық нарыққа Microsoft Azure, Amazon Web Services, Google Cloud сияқты бұлтты есептеулердің ірі ойыншыларын белсенді түрде тартамыз. Халықтың 40 пайызға жуығы ауылдық жерде тұратын еліміз үшін барлық азаматтарды қолжетімді және сапалы интернетпен қамтамасыз ету өзекті мәселе саналады. Бұл ретте бізде резерв те бар. Үкімет 100 пайыз интернетпен қамтылғаны туралы есеп беріп жатыр. Бірақ азаматтардың шағымына қарасақ, олай емес», - деді ҚР Президенті «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумы барысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтелеком» басшысы мен Цифрлық даму министрі еліміздің аумағы емес, тұрғындарының 99 пайыз интернетпен қамтылғаны жайында есеп бергенін атап өтті.

«Қалай дегенде де мән-жайды анықтау керек. Біздің жағдайымызды шынайы паш ететін цифр қажет. Дегенмен, жалпы алғанда Қазақстан аумағын интернетпен қамту барынша жоғары», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің дерегінше, 3 мыңнан астам шалғайдағы ауыл тұрғындары сапалы интернетке қол жеткізе алмай отыр.

«Цифрлық даму министрлігі ең шалғай ауылдарды SpaceX және OneWeb төмен орбиталық спутниктік жүйелер желілерімен қамту жұмысын жандандыруы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар