Президент сайлауында 40 мың қазақстандық сол күні тіркеліп, дауыс берген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 20 қарашада өткен кезектен тыс ҚР Президенті сайлауы күні 40 мың отандасымыз тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеліп, сол күні дауыс беру құқығына ие болды. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент сайлауын ұйымдастыру мен өткізуде жергілікті атқарушы органдардың жұмысы көрінді. Ал аумақтық комиссиялардың сайлау барысын бақылауға қатысты жұмысын көрмедім. Менің айтқаныммен келіспесеңіздер, онда мәселені жеке қарастырайық. Сайлау күні бізде 2 ақпараттық сервис жұмыс істеді. Оның біріншісі дәстүрлі әдіс. Яғни дауыс беруші тұрғылықты жері бойынша өзін тізімнен тексереді. Осы жерде менің ойым, бұл қажет емес әдіс. Себебі Қазақстанның азаматы автоматты түрде дауыс беру құқығына ие болуы тиіс», - деді Константин Петров елордада өткен аумақтық сайлау комиссиясы басшыларына арналған республикалық семинарда.

Сондай-ақ, ОСК төрағасының орынбасары қанша адамның сайлаудан тыс қала жаздағанын айтты.

«Сайлау күні (20 қараша) 40 мың азамат тұрғылықты жері бойынша растап, дауыс берушілер қатарына қосылды. Мысал келтірсем, Риддер немесе Шахтинск қаласының тұрғындары сайлаудан тыс қалар еді деген сөз», - дейді ол.

Бұған дейін К. Петров президент сайлауына қатысты қанша шағымның қаралғаны туралы мәлімдеген еді.

Одан бөлек, Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауында дауыс берушілер санының арту себебін түсіндірді.


Соңғы жаңалықтар