Президент сайлауын шет мемлекеттерден 532 байқаушы қадағалады – ОСК

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қарашада өткен ҚР Президентін кезектен тыс сайлауға халықаралық байқаушылар аса қызығушылық танытты. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20 қарашада өткен кезектен тыс ҚР Президенті сайлауы халықаралық байқаушылардың аса қызығушылығын тудырды. Ол туралы аймақтарға шыққан кезде де, сайлау қорытындысы бойынша өткен жиындарда да айтылды. Бұл біз үшін айтулы абырой. Бұл Орталық сайлау комиссиясының жұмысына деген сенім. Сонымен қатар сын да болды. Сынның болғанын мойындау керек. Қазақстан сайлауды өткізу бойынша шет елдер және халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге аса мән береді. Халықаралық бақылаудың болуы сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне оң септігін тигізеді. Осы орайда биыл қыркүйекте ОСК жанынан халықаралық бақылау институты ашылды», - деді Шавкат Өтемісов елордада өтіп жатқан аумақтық сайлау комиссиясы басшыларына арналған республикалық семинарда.

Оның айтуынша, биылғы президент сайлауы барысын халықаралық ұйымдар атынан 641 және шет мемлекеттерден 532 байқаушы қадағалады.

Айта кетейік, Астанада Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аумақтық сайлау комиссиясының басшыларына арналған республикалық семинар өтіп жатыр. Барлық өңірден 300-ге жуық адам қатысып жатқан шара үш күнге созылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинарды өткізудегі мақсат – ҚР сайлау туралы заңнамасы аясында оны ұйымдастырушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыру.


Соңғы жаңалықтар