Президент сайлауы: ОСК тағы бір үміткерді тіркеуден бас тартты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған тағы бір үміткерді тіркеуден бас тартты. Құзырлы орган Талғат Ерғалиевтің кандидатурасы талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның кандидатурасын «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі 10 қазанда ұсынған болатын.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, үміткер Қазақстан құрылысшылар одағы жоғары органы отырысының президенттікке ұсыну туралы хаттамасынан үзінді, өмірбаян деректері, Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және жоғары білімі туралы дипломының көшірмесін тапсырған.

Қабылданған құжаттарды арнайы органдар арқылы тексеру барысында Талғат Файзуллиұлы Ерғалиевтің мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі жеткіліксіз екені анықталған. Оның мемлекеттік органдарда жұмыс тәжірибесі 3 жыл 4 ай. Сонымен қатар, оның кандидатурасын заңды ұйым ұсынған. Талапқа сәйкес, ҚР Президенттігіне үміткер азамат сайлауға заңды ұйым атынан түспеуі тиіс. Осыған сай, Талғат Ерғалиев ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағының ережелеріне сәйкес келмейді деп танылды. Тиісінше, ОСК үміткерді тікеуден бас тарту туралы шешім қабылдады.



Соңғы жаңалықтар