Президент сайлауы халықаралық міндеттемелерге сай жүзеге асырылды – Нұрлан Әбдіров

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 20 қарашада өткен Президент сайлауы ұлттық заңнама мен халықаралық міндеттемелерге сай жүзеге асырылды. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне, ашықтық және айқындық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылды. Учаскелерде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруі үшін қажетті жағдайлар жасалды. Көру қабілеті нашар азаматтар үшін алғаш рет сайлау бюллетеньдеріне брайль қарпімен трафареттер жасалып, барлық сайлау учаскелері олармен қамтамасыз етілді», - деді ол бүгін ОСК отырысында.

Оның атап өтуінше, дауыс беру күні сайлау рәсімдерін кандидаттардың 11 мыңнан астам сенім білдірген адамы, 45 мыңнан астам ұлттық және халықаралық байқаушылар байқады.

«Олардың қызметі сайлаушылар мен сайлау процесіне қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге оң ықпал етті. Байқаушылар мен сарапшылар сайлаушылардың өз азаматтық ұстанымы мен электораттық белсенділігін танытып қана қоймай елдің мүддесі мен болашағы жолында саяси жауапкершілік танытқанын, сондай-ақ саяси науқанның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын, технологиялық жаңалықтардың енгізілгенін және сайлау учаскелерінің тиісінше қамтылғанын ерекше атап көрсетуде», - деді Нұрлан Әбдіров.

Айта кетейік, 20 қарашада өткен кезектен тыс сайлау барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31 пайызы дауыс берді.

Сондықтан бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында халық сайлаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының президенті ретінде тіркеді және заңнамада белгіленген тәртіппен сайланған Мемлекет басшысына тиісті куәлік тапсырылатын болады. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент ретінде 26 қарашада ант береді.


Соңғы жаңалықтар