Президент сайлауы эволюциялық ілгерілеуге мүмкіндік береді - Ғосман Төлеғұл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде барша әлем Қазақстан қоғамының дамудың аса маңызды жаңа белесіне бет бұрғанына көз тігіп отыр. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі Ғосман Төлеғұл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының көрегендікпен, даналықпен билік тізгінін демократиялық жол арқылы халықтың құзырына, көпшіліктің таңдауына ұсынуы, шын мәнінде, тарихи шешім болды. Қазіргі барша қазақстандықтардың мұрат-мүддесі объективті түрде сол таңдауды жүзеге асырып, өзіндік таңдау жасау. Және де бұл жердегі олардың басшылыққа алатын ең өзекті мәселесі - қоғам өміріндегі сабақтастықты сақтап, бұған дейінгі ел экономикасының даму үрдісін, әлеуметтік бірлік пен тұрақтылықты, жасампаздықты одан әрі жалғастыру», - дейді Ғосман Төлеғұл.

Сондай-ақ, ол бұл жолдың эволюциялық ілгерлеуге мүмкіндік беретіндігін атап көрсетті.

«Бұл пайымды қоғамымызда орныққан қасиетті ұғым - халықтар достығы хақында да, оны санамыздың туы деңгейіне көтеріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы турасында да айтқан орынды. Оның атқарып отырған шаруасы ұлан-ғайыр екеніне куә болып жүрміз. Өз басым соның бір ғана мысалы - «Қазақтану» жобасын ерекше айтар едім. Былтыр мамыр айында Бурабайдағы Абылай хан алаңында осы жобаның салтанатты түрде тұсауы кесіліп, бата берілді. Бұл жоба еліміздің барлық қауымына қазақ халқының тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын насихаттауға, сондай-ақ ұлтымыздың құндылықтарын, оның тарихы мен салт-дәстүрлерін қоғамымыздағы жалпы құндылық өзегінің біріктіруші рөлі етуге бағытталған. Аталмыш процесс те өмірдің сапалы сатысына көтерілудің, алда сайланатын президенттің алдында тұрған орасан зор жұмыстың алғышарты мен негізі болуы тиіс», - дейді ол.

Сонымен қатар, ол мақсатымыз - елімізді мекендеген барша ұлттар мен ұлыстардың ұлттық құндылықтарымызды, қасиетті қазақ тілін толық игеруіне жағдай жасау екендігін атап өтті.

«Сонда мемлекеттік тұтастық, елдік қуат, жасампаздық әлеует тиісті дәрежесіне жетеріне күмән болмайды. Ендеше, осынау ұлы мұрат үшін дауыс береуге де, сайлауға түгел қатысуға негіз бар», - дейді Ғ. Төлеғұл.

Соңғы жаңалықтар