Президент сапары: Тоқаев пен Путин қандай мәселелерді талқылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Ресейге жұмыс сапарымен барды. Ол Қазақстан мен Ресейдің ХVIII Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысып, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында автомобиль жолдарын салуды, логистикалық хабтар мен экономикалық аймақтар құруды, сондай-ақ жоғары дәрежелі қайта жасалатын өнім өндіру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің басым бағыттарын ұсынды. Форумға шекаралас облыстардың басшылары, салалық мемлекеттік органдар мен екі ел іскер топтарының өкілдері қатысты. Президенттің сапары барысында қандай мәселелер көтеріліп, қандай декларацияға қол қойылғаны жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс режимінде өткен жиында Ресей мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өтіп, барлық шектеуді алу және сауда саласында өзара тиімді жағдай жасау екі ел арасындағы сапалы экономикалық өсімге жол ашатынын атап өтті. «Өткен айда біз елдеріміз үшін атаулы дата – дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өттік. Осы уақыт ішінде екі мемлекет достық пен тату көршілік қатынастарға негізделген өзара тиімді стратегиялық серіктестік орната алды. Елдеріміз арасында сенімді және конструктивті диалог орнап, ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Біз халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер (БҰҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ және АӨСШК) аясында өзара белсенді әрекет етеміз. Бұл өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және бүкіл Еуразияның жаһандық саясат пен экономикадағы рөлін арттыруға елеулі үлес қосады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан-Ресей арасындағы сауда көлемі

Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық қатынастар жылдан жылға күшейіп келеді. Өзара тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келе жатыр. Оның дерегінше, былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 24,5 миллиард долларға жеткен. Сонымен қоса, Президент бірлескен жобалар іске асырылып, өзара есеп айырысу бағытында ұлттық валюталардың үлесі ұлғая түскенін де атап өтті.

«Былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі жаңа рекордтық деңгейге – 24,5 миллиард долларға жетті. Биыл алғашқы 9 айдың қорытындысы бойынша тауар айналымының көрсеткіші 5 %-ға өсті. Ресейге шығарылатын қазақстандық экспорттың ассортименті жақсарды. Оның құны 100 мың доллардан асады», – деді Президент.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, Ресейге шығарылатын қазақстандық тауар атауларының саны өткен жылмен салыстырғанда 640-тан 1050-ге дейін көбейген. Алматыдан Ресей өңірлеріне тауар жеткізу 2,5 еседен астамға, ал Астанадан 5 есеге өскен. Ол сонымен қоса шекаралас облыстар арасындағы сауда-саттық айтарлықтай жанданғанын да атап өтті. Мәселен, Ресейге Ақтөбе облысынан тауар жеткізу 48%-ға, Павлодар облысынан 36%-ға артқан.

Қазақстаннан Ресейге инвестиция көлемі 34 %- ға артты

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға құйылған Ресей инвестициясы жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, елімізде Ресейдің үлесі бар 17 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп отыр. Ал Қазақстаннан Ресейге инвестиция көлемі 34%-ға артқан. «Ресейлік инвестицияның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикамызға барынша көптеп тарту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл – елдеріміз арасында тиімді өзара іс-әрекеттің жолға қойылғанын дәлелдейтін тағы бір дерек. Осы орайда былтыр Ресейден Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция пандемияға дейінгі деңгейден жоғары болды. Атап айтқанда, үштен бір еседен астам көрсеткішке жетіп, 1,9 миллиард доллардан асты. Қазақстанның Ресейге салған инвестициясы да 34 пайызға артып, 535 миллион долларға жетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек Президент кооперациялық ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде бұл сала бойынша Қазақстан мен Ресей арасында жалпы құны 23 миллиард доллар болатын 110 бірлескен жоба жүзеге асырылып, 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.

Логистикалық желілерді жаңғырту мәселелері

Мемлекет басшысы жиында логистикалық желілерді жаңғыртуды жеделдетуді қолға аулға шақырды. Президенттің айуынша, сауда мен экономика салаларында жаңа өсім көздерін қарастыруға уақтылы қабылданған батыл шешімдер ғана септігін тигізеді. Осылайша, Қазақстанның шекаралас өңірлерінде өнімді өткізудің заманауи және тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру үшін бүкіл Еуразия кеңістігіне арналған сауда хабтары жүйесі құрылып жатырғанын атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көпжақты өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін бірлескен күш-жігерді мынадай салаларға жұмылдыруды ұсынды.

Бірінші. Трансшекаралық және өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі шағын комиссияның қызметін күшейту қажет. Өңіраралық ынтымақтастық бағдарламаларын үйлестіру және іске асыру – аталған комиссияның негізгі міндеттерінің бірі.

Екінші. Шекара инфрақұрылымын жақсартуға, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара пункттерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет. Бұл жұмысты салынып жатқан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен «Солтүстік – Оңтүстік» трансұлттық дәліздерін ескере отырып, жүзеге асыру керек деп есептейміз. Бұл бағыттарды ЕЭО қызметімен ұштастыру қажет.

Үшінші. Қазақстан тұрақты сауда-инвестиция қатынастарын дамытуға мүдделі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында автомобиль жолдарын салуды, логистикалық хабтар мен экономикалық аймақтар құруды, сондай-ақ жоғары дәрежелі қайта жасалатын өнім өндіру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді басым бағыт ретінде атап өтті.

Саяси шолушы Никита Шаталов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапарына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айуынша, форумның өткізілетін уақыты алдын-ала нақтыланған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Путинмен бірге аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысты. Негізі кездесу Орынборда өтуі керек еді, бірақ Ресей Президенті өзіне ғана белгілі себептермен Кремльден кетуден бас тартты. Бұл форумның кестесі алдын ала жоспарланған. Президенттер форумды бейнебайланыс арқылы ашты. Қазіргі таңда Ресей қиын жағдайда, одан әрі де жағдай қиындай түседі деп ойлаймын. Бұл жағдайда Ресей серіктестермен әскери немесе қаржылық болмаса да, ең болмағанда инфрақұрылымдық жағынан мәміле жасағысы келеді», – деді Никита Шаталов.

Саяси шолушы Қазақстан мен Ресей арасында ортақ шекара, тарихи байланыстар бар екенін атап өтті. Осы тұста, президент Тоқаевтың алдында тұрған міндет – егемендігімізді сақтау және нығайту екенін тілге тиек етті.

«Бұған Ресеймен келіссөздер жасамай, қол жеткізу мүмкін емес. Мемлекет басшысы биыл сыртқы саясатқа көп көңіл бөлмегенде, экономикадағы жағдай әлдеқайда нашар болатын еді. Бірақ бір ақиқат бар: Путин болмаса да Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас сақталады және ондаған жыл бойғы бұл қарым-қатынастардың сапасы бүгінгі болып жатқан жағдайға байланысты болады. Әлемнің алдында жақсы болу біздің мақсатымыз емес, бізге ертең Қазақстан азаматтарының бүгінгіден жақсы өмір сүруі қажет. Бұл әдетте комментаторларды қызықтырмайтын қатал прагматика», – деді ол.

XVIII Өңіраралық ынтымақтастық форумынан кейін Қазақстан мен Ресей президенттері (https://kaz.inform.kz/news/kazakstan-men-resey-diplomatiyalyk-katynastardyn-30-zhyldygyna-oray-deklaraciyaga-kol-koyyldy_a4007167 ) келіссөз жүргізді. Владимир Путин Мемлекет басшысын сайлаудағы жеңісімен және Президент қызметіне кірісуімен құттықтады. Қазақстан мен Ресей президенттері дәстүрлі түрде өзара сенім мен конструктивті негізде екіжақты серіктестікті одан әрі нығайту жолдарын айқындады. Өнеркәсіптік қатынастар мен көлік-логистика саласындағы экономикалық іс-әрекеттерді күшейту басты міндет болып қала береді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Декларацияға қол қойды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Мәскеуге ресми сапары аясында Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы (https://kaz.inform.kz/news/prezident-resey-ukimetinin-toragasymen-kezdesti_a4007221) Михаил Мишустинмен де кездесті. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің қарым-қатынастары сауда-экономикалық салада айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Өз кезегінде Михаил Мишустин мемлекеттер басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды нақты жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар