Президент Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театрында зиялы қауым өкілдерімен кездесті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының орталығында жаңадан бой көтерген С. Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театрына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Президент театр ғимаратын аралап көріп, «Мағжан» пьесасынан үзінді тамашалады.

Театр директоры Біржан Жалғасбаев өнер ордасының ұжымы бертінге дейін «Энергетиктер сарайын» паналағанын, осы жылдар ішінде түрлі жанрда қойылымдар сахналап, халықаралық, республикалық байқауларда жүлде алғанын жеткізді. Оның айтуынша, жаңа ғимаратқа көшкен ұжым репертуарын жаңартуға, шетелдік және отандық өнер ұжымдарымен шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

Мемлекет басшысы Қызылжар өлкесінің зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен әңгімелесті.

«Бірлігіміз әралуандықта. Бұл – біздің ең басты ұранымыз әрі ұстанымымыз. Қазақ болсын, басқа ұлт болсын – бәріміз бір халықпыз. Сондықтан, бәріміз халқымыздың, еліміздің өркендеуіне қызмет етуіміз керек. Баршаңызға бақ-береке тілеймін. Біз әрдайым бірге боламыз. Алға қадам басу үшін ауызбіршілігімізді, достығымыз бен тұрақтылығымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Әрине, елімізде әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық сипаттағы мәселелер бар. Проблемасыз ел болмайды. Тіпті, ең дамыған, бақуатты елдерде де проблема бар. Егер елде тәртіп болса, заң қатаң сақталса, көздеген нәтижеге қол жеткіземіз», - деді Президент.

Президент қоғам белсенділерімен елдің дамуы және өскелең ұрпақ тәрбиесі жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы қазақ әдебиетінің жарқын өкілі, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын жоғары деңгейде атап өту қажет екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар