Президент референдумда дауыс берген қазақстандықтарға алғыс айтты

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Референдум ел тарихындағы маңызды белес болды және ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Бұл пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Дауыс беруге азаматтарымыздың белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін білдіреді. Сайлау учаскесіне келіп, елімізді жаңғырту бастамасын қолдағандардың бәріне алғыс айтамын. Сіздер нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның дәйекті дамуына зор үлес қостыңыздар», - деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып, өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығын білдірді.

«Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент Ұлытауда Ұлттық құрылтай өтетінін, оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылатынын айтқан еді.

Сонымен бірге, Қ. Тоқаев мемлекеттік қызметтің – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес екенін, бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау екенін баса айтты.


Соңғы жаңалықтар