Президент прагматикалық шешім қабылдап отыр - Абаев несиені кешіретін Жарлық жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев азаматтардың борышын - несиесін өтеу жайындағы Президент Жарлығына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл - бір реттік акция, атракцион немесе мемлекеттің ешкім естімеген шеттен тыс жомарттығы емес. Прагматикалық әрі ойлы қадам. Бұл мұқтаж адамдарға көмек қана емес, несиелік-қаржылық жүйенің жұмысын жақсарту екенін ескеру керек. Жуық арада Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер халыққа несие беру кезінде займ алушылардың жеткілікті дәрежеде қауқарлы екенін есепке алатындай жұмыс жүргізеді. Бұл шаралар «жұмыс істемейтін» несиелердің үлесін айтарлықтай азайтып, халықтың несиеге бату мәселесін де шешеді. Ал бұл өзекті проблема», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуына қарағанда, банктер халыққа оңды-солды несиелерді бере бермейтін шара қарастырып жатқанын атап өтті.

«Банктер халықты несиелік «картаға» отырғызбауы керек. Міне, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығының мәні осында. Бұл шараны қолға алмас бұрын біз шынында да, өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарға қол ұшып созуымыз керек. Мемлекет «жаман» несиелерді сызып тастайды. Менің ойымша, бұл Президенттің өте жігерлі әрі прагматикалық, әлеуметтік тұрғыда өлшенген шешімі», - деді министр.

Айта кетсек, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыз жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар - көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар және жетім балалар түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отыр.

Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді.

Соңғы жаңалықтар