Президент пенитенциарлық мекемелердегі адамдардың құқығы мәселесін көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сотталғандар қамауда отырған мекемелердегі бақылау жүйесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президенттің айтуынша, келесі маңызды мәселе – пенитенциарлық мекемелер мен полицияның қызметтік орындарында адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолданыстағы бейнебақылау жүйесі осы мекемелерде болып жатқан жағдайдың мониторингін тиісті деңгейде қамтамасыз етпей отыр. Бұл нысандардағы көптеген орындар назардан тыс қалып тұр.

Осы орайда Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары қызметінің видеобақылау тұжырымдамасын қайта қарастыру керектігін атап өтті.

«Өзімнің Жолдауымда дәл осы мәселелер бойынша бейнебақылау жүйесін енгізуді тапсырған болатынмын, бұл қадам барлық көрінбейтін учаскелерді қамту үшін керек», - деді Қ. Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұсталғандар, күдіктілер мен сотталғандардың қамаудағы жағдайына қатысты, сондай-ақ оларға байланысты тәртіп сақшылары қандай шаралар қабылдап жатқаны туралы нақты көрініс ашық болуы тиістігін жеткізді.

Еске салсақ, Ұлттық кеңестің бесінші отырысы өтіп жатыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды. Жаңартылған Мәжіліс құрамында Ұлттық кеңестің 9 мүшесі бар. _Өткен жылы 22 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы, ал 2019 жылы 6 қыркүйекте алғашқы отырысы болды.
Соңғы жаңалықтар