Президент: Павлодар – Қазақстанның дамуында маңызы жоғары аймақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар – Қазақстанның дамуында үлесі мол, маңызы жоғары аймақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы жұртшылығымен кездесуінде осылай ой бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Павлодар – Қазақстанның дамуында үлесі мол, маңызы жоғары аймақ. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптадан бері өңірлерге сапарым басталды. Аймақтардағы халықпен кездесіп, ел дамуына қатысты бастамаларым туралы айттым. Алдымен Түркістан мен Шымкентке, содан кейін Семейге бардым.

Біз алдағы қысқа дайындық барысымен танысып, шұғыл мәселелерді қарадық. Облыстар үшін стратегиялық маңызы бар міндеттерді айқындадық. Бір сөзбен айтқанда, бұл – өте мағыналы сапарлар болып жатыр», - деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тың өзгерістерге қолдау білдірген азаматтарға алғыс білдірді.

«Шын мәнінде, халықтың қолдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың ең басты кепілі. Мен тың өзгерістерге тілектес болып жатқан азаматтардың бәріне тағы да алғыс айтқым келеді. Біз бір ел болып жұмыла білсек, көздеген мақсатқа жетеміз. Бүгін, міне, өздеріңізбен жүздесу үшін Ертіс бойына ат басын бұрдым. Бұл өңірге менің ықыласым ерекше екенін білесіздер. Павлодар облысы – еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Фото: ticketon.kz




Соңғы жаңалықтар