Президент өзгерістерді өзінен бастап отыр – сарапшы референдум жайлы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 5 маусым күні Қазақстанда жалпыхалықтық референдум өтеді. Бүгінде айтулы мемлекеттік саяси шараға қатысты халық арасында түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі астаналық адвокат, ҚР Президенті жанындағы адам құқығын қорғау жөніндегі комиссияның сарапшылар кеңесінің мүшесі Абзал Бекбосыновпен сұхбаттасқан еді.

«Референдум арқылы халыққа мүмкіндік беріліп отыр. Яғни ата заңға өзгеріс енгізу халықтың өз қолында. Өткенге көз жүгіртсек, Тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде референдум бір-ақ рет өткен. Бұған дейін Конституцияға өзгерістер тек Парламент қабырғасында ғана енгізіліп отырды. Ендігі уақытта Президент Ата заңның 33 бабына өзгеріс енгізуді халықтың еркіне беріп отыр. Халықтың даусына салып отыр. Мысалы, бір ғана Швейцарияның өзінде айына 1-2 референдум өтеді, жылына емес, айына. Демек аталған ел кез келген мәселе бойынша халықпен санасады. Ал бізде 27 жылдан кейін өткелі отыр», - деді Абзал Бекбосынов.

Оның айтуынша, қазақстандықтар заң аясында беріліп отырған мүмкіндікті пайдалануы керек.

«Референдум ол Әкімшілік-құқықбұзушылық, Қылмыстық кодекстер немесе қандай бір нормативтік акті емес. Бұл – біздің Ата заңымыз. Ал Ата заңға бей-жай қарауға болмайды. Референдумда дауыс беру нәтижесінде халықтың басым бөлігі қолдаған жағдайда, Конституцияның 33 бабы бойынша өзгеріс енгізіледі. Соның бірі Конституциядағы Президент туралы баптың 2 тармағына өзгеріс енгізілмек. Бірінші, Президенттің партия мүшесі қатарында болмауы, екіншісі, суперпрезиденттік қағидатынан бас тарту. Одан бөлек, референдумның оң нәтижесінде Президенттің ағайын-туыстары мен жақын-жуықтары мемлекеттік жоғары лауазымға тағайындалмайды. Осының бәрін түйіндей келе, Президент өзгерістерді өзінен бастап отырғанын көруге болады. Кейін аталған өзгерістер Президенттен басқа да жоғары лауазымды тұлғаларды қамтиды» - дейді ол.

Сондай-ақ адвокат Конституцияға енгізілуі мүмкін өзгерістердің бірі – жер мәселесіне жеке тоқталып өтті.

«Жер – мемлекеттің емес, халық меншігі. Яғни жердің асты мен үстіндегі бар байлық халыққа тиесілі. Дегенмен бұл жерде дұрыс түсіну керек. Айталық белгілі бір елді мекеннің маңынан қазба байлық табылды делік. Сол жердің тұрғындары қазба біздің ауылдан табылды, бізге беріңдер дегені жөн емес. Халық тұрақты тұрғын ретінде мемлекеттен сол елді мекенге мектеп, жол, ауызсу басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етуді сұрай алады. Бұл – заңды талап. Референдумға қатысты тағы бір жайт, мен бүгін жақтап дауыс бердім, ертеңінен өзгерістер қайда деген қате түсінік. Ол үшін уақыт керек», - дейді маман.


Соңғы жаңалықтар