Президент отбасы ынтымағын сақтау құпиясымен бөлісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада әйелдер қауымымен кездесті. Сол жерде Мемлекет басшысы отбасының ынтымағын сақтап қалудың құпиясымен бөлісті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мынандай бір оқиғаны оқығаным бар еді. Екі көрші тұрады екен. Біреуінің үйінде ылғи жанжал, ал екіншісі тып-тыныш, тату-тәтті өмір сүреді. Сонда бірінші отбасының отағасы әйеліне айтады, сен көршіге тығылып барып, неге жанжалдаспайтынын біліп келші. Жаңағы келіншек көршіге барып, тығылып біраз отырады. Ол үйдің әйелі үйді жинап жүріп, үстелге өте қымбат бір вазаны қояды. Жұмысқа асығып бара жатқан күйеуі бақамай, қолымен қағып кетеді. Анау қымбат ваза жерге түсіп сынады. Күйеуі кешірім сұрай бастайды. Әйелі болса, "Жоқ, сенің кінәң жоқ, мен вазаны шетке қоймауым керек еді" деп, шыр-пыр болады. Сөйтіп, бір-бірінен кешірім сұрайды. Анау келіншек үйіне келгеннен кейін күйеуі не көрдің деп сұрайды. "Олар бәріне өздерін кінәлі деп санайды, ал біз менікі дұрыс деп қайтпаймыз" дейді келіншегі. Сондықтан біреуі айтқан кезде екіншісі шегінсе, ештеңе етпейді. Кешірімді болған жерде әр уақытта ынтымақ болады", - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, кездесу кезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша аналар мен қыз-келіншектерді 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

«Ананың құдіреті шексіз. «Оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқтап, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды», - дейді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы көпбалалы отбасыларға көмек беру мәселесін қозғады.

Сондай-ақ, екі анаға анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» салтанатты түрде тапсырды.

Соңғы жаңалықтар