Президент ОА елдерін Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолын белсендірек пайдалануға шақырды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде аймақ елдерін «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолын белсендірек пайдалануға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өз тарапымыздан әріптестерімізді «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолын белсендірек пайдалануға шақырамын. Бұл – Шығыс Азия мен Парсы шығанағындағы елдердің арасын жалғайтын ең қысқа жол. Жуықта Иранға жасаған сапарымда Қазақстаннан Түрікменстан мен Иран арқылы Түркияға жүс таситын контейнерлі пойыз іске қосылды. Бұл логистикалық шешім 6 мың шақырымнан асатын жолды 12 күнде еңсеруге мүмкіндік береді», - деді Қазақстан басшысы.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарығына Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арқылы шыға алатынын атап өтті.

«Біздің елдерге өз арамыздағы көлік коммуникациясын дамыту мәселелерін де ұмытуға болмайды. Қазіргі таңда біз Өзбекстанмен белсенді әріптестік орнатып жатырмыз. «Дарбаза-Мақтарал» теміржол желісін іске қосу арқылы бекеттердің өткізу мүмкіндігін 2 есе арттырамыз, бұл жүк тасымалының уақытын 1,5 есе қысқартады. Сондай-ақ, «Түрікменбашы – Қарабоғаз – Қазақстан шекарасы» бағытындағы автожол құрылысының жобасын да қолдаймыз. 2025 жылдан бастап «Жаңаөзен-Түрікменстан бағытындағы автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр», - деді Президент.

Айта кетейік, Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі өтіп жатыр.

Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан көшбасшылары қатысуда.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласына барғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар