Президент: Моноқалалардағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі өте нашар
2021 жылғы 4 қараша 13:02

Президент: Моноқалалардағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі өте нашар

ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Моноқалалардағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі өте нашар. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Моноқалалардағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі өте нашар. Су құбырлары мен кәріз желісінің тозуы орташа есеппен 61 пайызды құрайды. Ал Арқалық, Балқаш, Шахтинск, Теміртау қалаларында тіпті 90 пайызға дейін жетеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзда өтіп жатқан моноқалаларды дамыту мәселелеріне арналған жиналыста.

Ақорданың Twitter-дегі мәліметіне сәйкес, Мемлекет басшысы моноқалалардағы жылу және электр тарату желілері де орташа есеппен 55 пайызға тозғанын атап өткен. Кей қалаларда бұл көрсеткіш 85 пайызға дейін жетеді. Ал автомобиль жолдарының 40 пайызы қанағаттанарлық күйде емес.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Павлодар облысының Екібастұз қаласына келді. Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізіп, Президенттік жастар кадр резервінің өкілдерімен кездеседі. Сонымен қатар қаладағы индустриалды кәсіпорындарға барады деп жоспарланған.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT