Президент: Митингтер - жауапкершілік екенін түсіну керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Митингтер құқық қана емес, сонымен қатар жауапкершілік екенін түсіну керек. Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Митингтерді ұйымдастырудың ескерту принципін енгізуге кірісу керек. Митингтерді өткізуге болады, егер де олар заңды, қоғамдық тәртіпті бұзбаса және азаматтардың тыныштығына кедергі келтірмесе. Бұл менің түбегейлі ұстанымым», - деді Қ. Тоқаев.

Осы орайда Президент қоғамдық санаға митингтер мәдениетін дағдыландыру уақыты жеткенін атап өтті. Қоғам мен мемлекетке позицияны жария түрде білдіру мәселесіне тиісті деңгейде назар аудару керек.

«Митингтер құқық қана емес, сонымен қатар жауапкершілік екенін түсіну керек», - деп қадап айтты Қ. Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша жоспарды орындау аясында «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасы әзірленді. Онда бейбіт жиындардың барлық формалары нақты айқындалып, арнайы орындарды анықтау бойынша мәслихаттар құзыреті бекітіледі. Сонымен қатар, «ұйымдастырушының мәртебесі», «қатысушы мен байқаушы мәртебесі» түсініктері, олардың құқықтары мен міндеттері қамтылады.

«Бұл тұрғыда қолданыстағы заңға өзгерістер емес, концептуалды жаңа заң туралы айтылып отыр. Бұл құжат бейбіт жиындардың барлық формаларын ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін регламенттейді. Үкімет Парламент қарауына заң жобасын енгізуі керек», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар