Президент мемлекеттік билік формуласын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мемлекеттік билігінің формуласын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің мемлекеттік билігімнің формуласы – мықты әрі уәкілетті Президент, ықпалды Парламент, халыққа есеп беретін Үкімет. Аталған формула өздеріңіз түсінетіндей, әзірге толыққанды күшінде болмаса да, ол іске асуы тиіс. Сол үшін біз оны шынайылыққа айналдыруымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде Қазақстанның президенттік басқару жүйесіндегі мемлекет ретінде қала беруі тиіс екенін атап өтті.

«Бірақ, Парламентке саяси жүйеде лайықты орнын алуы керек. Бұл жерде мәселе тек сайлау заңнамасын жетілдіруде емес. Ол міндетті түрде жетілдіріледі. Парламент қолданыстағы заңнамаға сай, маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдауда айтарлықтай салмақты рөлге ие болуы керек. Саяси бәсекелестікке импульс беретін уақыт келді», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтіп жатыр. Отырысқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда.

Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді.








Соңғы жаңалықтар