Президент Маңғыстауда ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін кәсіпорындар салу мәселесін көтерді

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстауда шетелдік серіктестерімізбен бірге ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін кәсіпорындар салу мәселесін қарастыру қажет, одан шыққан дайын тауарды қайтадан экспорттауға болады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы жұртшылығымен кездесуінде мәлім етті. .

«Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін арттырып, азық-түлік нарығын дамыту аса маңызды. Агроөнеркәсіп саласы – ел экономикасын дамыту ісіндегі стратегиялық басымдықтың бірі. Мен халықаралық форумдарда әлемдік нарыққа азық-түлік өнімдерін көптеп шығара аламыз деп жиі айтамын. Бұған бізде мол мүмкіндік бар. Бірақ, ең алдымен, өз елімізді сапалы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуіміз керек. Маңғыстау өңірі үшін бұл мәселе айрықша маңызды. Аймақ тұрғындары жыл сайын 100 миллион доллардың азық-түлігін сырттан алады. Мұндай тәуелділік оның бағасына тікелей әсер ететіні белгілі. Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 20 пайыздан астам қымбаттаған. Көбіне мұндай ахуалдың қалыптасуына аймақтың орналасқан жері және логистика мәселелері себеп болып отыр», - деді ҚР Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында азық-түлікті экспорттау және импорттау мүмкіндігін кеңейту қажеттігіне назар аударды.

«Маңғыстау Қазақстанның көлік-транзит стратегиясында маңызды рөл атқарады. Мұнда азық-түлікті экспорттау және импорттау мүмкіндігін кеңейткен жөн. Сондай-ақ, өңірдің көлік-логистика әлеуетін арттыру керек. Транзиттік тауарлардың бір бөлігін ішкі нарыққа бағыттап, азық-түлік бағасын төмендетуге болады. Алпауыт елдердің бір-біріне санкция салуы жағдайды қиындатып тұр. Шетелдік серіктестерімізбен бірге ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін кәсіпорындар салу мәселесін қарастыру қажет. Сосын одан шыққан дайын тауарды қайтадан экспорттауға болады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін еліміздің басқа өңірлерінен Маңғыстауға жеткізу маңызды. Үкімет мұндай тауарларды осы жаққа тасымалдау үшін «айрықша төмен тариф» енгізу жайын пысықтасын», деп атап өтті Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар