Президент Маңғыстау облысының әкіміне туризмді дамытуды тапсырды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Құрық портындағы мультимодальдық көлік хабын таныстыру шарасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысы әкімдігі мен ҚР Үкіметіне бірқатар тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы ірі көлік-логистикалық орталыққа айналғанын көріп отырсыздар. Каспийдегі екі заманауи порт бірін-бірі өзара толықтырып отырады. Ақтау қаласы мен порттар Қазақстанның бірегей теңізге шығатын жолы мен терезесі болып саналады. Сондықтан мемлекет қаражатты аямай, осы жерде қажетті жұмыстарды ұйымдастырды. Маңғыстау облысында көліктің барлық түрі, яғни әуе, теміржол, автомобиль және кеме көлігі бір жерге тоғысып отыр. Мұның өзі дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, облыс әлеуетін арттырады. Соны тиімді пайдалану керек», - деді Н. Назарбаев. 

Сонымен қатар Елбасы өңір басшылығы алдына туризмді дамыту міндетін жүктеді. 

«Ендігі істейтін шаруамыз туризмді дамытуға қатысты. Осы орайда Каспий жағалауында туристердің демалуына тиісті жағдайларды жасау қажет. Сол арқылы халықтың әлеуеті көтерілуі тиіс. Біз мұнай мен газдан басқа өмір сүретін бағыт жоқ деген түсініктен басқа жаққа бет бұрып, жастарға жаңа мамандықтарды үйретуіміз керек. Қазір дүниежүзі экономикасының 60-70 пайызы - сервисте. Сондықтан жастарымызды мына порттарда, жолдарда жұмыс істеуге, көліктерге қызмет көрсетуге үйретуіміз қажет. Бұл жерлерде қыруар жұмыс орындары бар», - деді Мемлекет басшысы. 

null

Бұл тұрғыда Президент әкімдік пен мемлекет тиісті жағдайды жасайтынын атап өтті. 

«Көлік-логистика жүйесінің дамуы - халықтың көзқарасын өзгертіп, жаңа кәсіп түрлерін меңгеруге мүмкіндік береді. Сол жаңа мамандықтарды үйрену үшін оқу орындарын ашуымыз керек. Жастарға мұнай саласымен қатар, жаңа мамандықтарды меңгерткен жөн. Әкімдіктер еңбек етушілердің индустрия мен қызмет көрсетудің жаңа салаларына бейімделуін қамтамасыз етуі тиіс. Жергілікті атқарушы органдар облыста жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасауы керек. Үкіметке облыс әкімімен бірлесіп, мультимодальдық хабтар - «Құрық», «Ақтау» порттары төңірегінде қосымша өндірістер мен сервистік секторларды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді ұсынамын», - деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.

null

Соңғы жаңалықтар