Президент мақаласы рухани жаңғырудың кемелденуін тездетеді - Уәлихан Қалижанов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -  Ұлт тарихы мен өркениетін санаға сіңіру - ұлттық патриотизмді дамытып, өз елі мен жеріне деген құрмет пен мақтаныш сезімін қалыптастырады. Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына пікірін білдірген М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижановтың айтуынша, Елбасының бұл мақаласы  Қазақстан қоғамының барлық топтарына әсер етті.

«Нұрсұлтан Назарбаев кезінде «рухы мықты халық қана мықты мемлекет құра алады» деп жазған еді. Сол халық рухын көтеру үшін, ең алдымен, өзі сүйген, өзін сүйген ұлтының тарихына үңілді. 1994 жылы жазған «Тарих толқынында» атты кітабында «ел Президенті ретінде өз халқымның кемінде бес мың жылдық тарихын білуім керек» деп еді. Әрі қазақ руханияты өркениетінің негізгі 12 жолын ашып көрсетті. Әрине, бұған тағы бір саяси, теңдессіз шешім - Қазақстанның Егемендігін жариялауын қосайық. Сондай-ақ, егемен ел құрудағы Қазақстан дамуының Президенттік басқару жүйесі және Назарбаев феномені бар», - деді ғалым.

Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысы Ұлы дала өркениетінің жеті қырын жүзеге асыру жолдарын анық көрсеткен.

«Елбасы атқа міну мәдениетіне қатысты сөзбен ғана айтып қоймай, оны ат әбзелдерімен, әскердің киген киімдерімен үйлестіре зерттеу керектігін айтты. Бұл, арнаулы ғылыми тықырыпқа сұранып отыр. Ұлы даладағы ежелгі металлургия дала өркениетінің технологиясы бар екендігін көрсетті. Ендеше, оны ғылыми-танымдық тұрғыдан зерделеп, халыққа жеткізу міндеті тұр. Елбасы әлемдік өркениетте ерекше орны бар аң стилін ұлттық болмыс, кеңістік пен уақыт өлшемдерін ескере отырып бағамдауға шақырады. Алтын адамның алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Күміс кеседен табылған жазу да әлі оқыла қойған жоқ. Оқылғанмен, ол ғылыми тоқтам ретінде мойындалмады. Бұл да лингвистер алдында тұрған үлкен міндет. Түркі империясының аумағын қамтыған көне Жібек жолы жаһандану заманында қандай трансформацияға ұшырап отыр? Оның Қазақстан экономикасының дамуына қандай үлес әкелгенін сана, экономикалық, рухани-мәдени тұрғыда сараптау қажет.  Бұған ғалымдар өз сөзін айтуы керек деп білемін», - деді филолог.

Сарапшы ұлт тарихы мен өркениетін санаға сіңіру ұлттық патриотизмді дамытып, өз ұлтына, өз мемлекетіне деген құрмет пен мақтаныш сезімін қалыптастыратынын айтты.

«Елбасының мақаласы рухани жаңғырудың кемелденуін тездете түседі. Өйткені бұл мақаладағы ойлармен тұжырымдар «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобаларының заңды жалғасы болып табылады. - деді ол.

Еске салайық,  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар