+7 (701) 759 90 19
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80
Jańalyqtar

Президент мақаласы: Абайдың 175 жылдық мерейтойына қандай іс-шаралар жоспарланған

2020 жылғы 9 қаңтар 16:52
Бөлісіңіз:
Президент мақаласы: Абайдың 175 жылдық мерейтойына қандай іс-шаралар жоспарланған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Мемлекет басшысы бірқатар маңызды мәселені қозғады. Ең негізгісі - ХХІ ғасырдағы Қазақстан Абай тағылымынан қандай өнеге, ақын мұрасынан қандай ғибрат алу керектігіне Президент назар аудартады. Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы екенін ескерсек, осы мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев айтулы датаны атап өтудің жалпыұлттық бағдарын да айқындап берді деуге келеді.

Мақалада Мемлекет басшысы Абайдың торқалы тойына қатысты да толғанып, осынау жалпыхалықтық іске ұлт болып жұмылу керектігіне үндейді.

«Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы. Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын. Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауға тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз», - дейді Президент.

Мақалада айтылғанындай, биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Соның ішінде тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.

«Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі. Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады», - делінген мақалада.

Мемлекет басшысы мерейтой аясында атқарылатын шараларға орай Үкіметке де бюірқатар тапсырмалар жүктейтінін жеткізді. Мәселен, бұның бір парасы - Абайдың тұлғасы мен мұрасын шетелдерде де ұлықтау. Осыған байланысты Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жоспарланған.

«Шығыс Қазақстан облысының Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымы абаттандырылады. Сонымен қатар, Абай тұлғасын жоғары дәрежеде дәріптеу үшін Үкімет мынадай шараларды қолға алуы керек деп есептеймін. Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан, елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Мерейтой жылы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау қажет. Сонымен қатар, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек.

Жидебайда музейге арнайы лайықталған «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу қажет. 1918 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек. Осы және басқа да ауқымды шаралар Ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын дәріптеу үшін өткізілмек. Ендеше, бүкіл Қазақстан халқын осы игі бастамаға белсене атсалысуға шақырамын», - деп түйіндейді Мемлекет басшысы.

Осылайша биылғы Абай мерейтойының шымылдығы Президенттің бағдарлы мақаласымен ашылып отыр деуге болады.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қанат Мәметқазыұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059

MURAǴAT