Президент лауазымындағы бір ай: Қасым-Жомарт Тоқаевтың отыз күні қалай өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 20 сәуір ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары лауазымды қызметке кіріскеніне тура бір ай толды. Парламентте ант қабылдап, Қазақстан Президенті қызметіне ресми түрде кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір айы қалай өтті? Айта кетерлігі, бәзбіреулер «Сенаттың экс-төрағасы президент ретінде Елбасының көлеңкесінде қалып қояды» деген әңгіме шығарған да еді. Алайда мықты саясаткер, кәнігі дипломат әрі стратег Қасым-Жомарт Кемелұлы қысқа уақыттың ішінде президенттің жаңа образын қалыптастыра білді.

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік өкілеттілігін тоқтатқанда билік тізгінін тапсырып отырған Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаншалықты сенетінін бір ауыз сөзбен түсіндірген еді. «Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол - адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», - деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев. ҚазАқпарат тілшісі Мемлекет басшысының бір айдың ішінде атқарған негізгі жұмыстарын пысықтап шыққан еді.

Президенттің басты үш ұстанымы һәм қазақ газеттеріне алғашқы сұхбат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы сұхбаты «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттерінде жарияланды. Билік ауысу жағдайындағы жұртшылықтың көкейіндегі көп сұрақтарға осы сұхбат арқылы жауап берілді десе де болады. Келелі әңгімеде Президент билік ауысқаннан кейінгі екіұдайылық, сыбайлас жемқорлық, жастардың лайықты білім алуы, меритократия, мұнай кірістеріне тәуелділікті азайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, көп балалы отбасыларды қолдау, баспанамен қамту, инвестиция тарту, тіл, латын графикасы және тағы басқа мәселелер төңірегінде ой қозғады. Ең бастысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретіндегі үш негізгі ұстанымын да айқындап, осы сұхбатта жариялады.null

«Елбасы іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді. Менің де Президент ретіндегі негізгі ұстанымым мен өмірлік көзқарасым осы бағыттан ауытқымайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, елдің өркендеу кепілдігі мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығында және оған деген құрмет пен адалдықта жатыр. Онсыз ешқашан тұрақтылық та, даму да болмайды», деді Қ.Тоқаев негізгі ұстаным туралы. Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президент айқындаған саясатпен жүріп, саяси басқаруда да, басқа да бұрынғы басталған істерді ілгерілетуге күш салады. Бұл Тоқаевтың Президент ретіндегі басты ұстанымы. Президенттің екінші ұстанымы - әділеттілік, үшінші ұстаным - тек алға басу, даму жолымен жүру.

Сонымен қатар, сұхбатта Президент өзінің алдағы нақты қадамы туралы да сөз қозғап өткен болатын. Мәселен, Мемлекет басшысы әкімдердің қазіргі есеп беру форматы ескіргенін, баяндамалар жадағай цифрларға құрылатынын алға тартып, ондай есеп берулердің халықты жалықтыратынын, жұрт­шы­лық­тың сеніміне селкеу түсіретінін қозғады.

Әкімдер әлеуметтік желіге шыға бастады

Қасым-Жомарт Тоқаевты жұрт әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушы ретінде таниды. Қоғамның өзекті мәселелеріне назар аудару, парақшасында мәлімдеме жасау арқылы Сенат спикері біраз шенеунікке үлгі болған еді. Мемлекет басшысы лауазымына келгеннен бастап ол бұл үлгіні атқарушы биліктен, соның ішінде жергілікті атқарушы басшылардан талап ете бастады.null

«Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны - қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол - халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей. Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім. Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды. Бұл үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру де өте қажет нәрсе», - деп атап көрсетті Қ.Тоқаев.

Атқарушы биліктің баршасынан халықпен етене жұмысты талап еткен Президент барлық әкімдерге де әлеуметтік желіде аккаунт ашуды жүктеді.null

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев желідегі парақшасы арқылы өзекті мәселелерге қатысты өзінің ой-пікірімен бөлісуді жалғастырып, тікелей тапсырманы да сол жерден бере бастады. Мәселен, Президент Ленгір қаласындағы апаттық үйде тұрып жатқан адамдардың жағдайына алаңдап, шұғыл шешуді жүктеді. Бұдан бөлек, Қосшы ауылының ауыз мәселесін тез арада шешуге де тапсырма берді. Бірінші тапсырма бірден орындалды.null

Қосшының проблемасын шешу де көп күттірген жоқ. Осылайша, қазіргі Президент халықпен сайланбаса да, халыққа барынша жақын болуға әрі елдің мәселесін желі арқылы да жіті бақылауға тырысатынын көрсетті. Мысалы, Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі бір жазбасында білім беруде мемлекеттік тілге басымдық беру керектігін де айтып өтті. «Балаларға білім беру үрдісінде басты назарды мемлекеттік тілге, қазақ тіліне беру керек. Орыс тілін де оқыту керек, себеп түсінікті. Ағылшын тілін де оқыту қажет, екі тілмен қатар емес, кейінірек меңгеруге болады. Осылайша, үш тілді, болашаққа ашық көзбен қарайтын ұрпақты тәрбиелейміз»,-деп жазды Қ.Тоқаев.

Айта кеткен жөн, соңғы кездері әртүрлі әлеуметтік желілерде Мемлекет басшының атынан жалған парақшалар да ашылып жатқаны байқалды. Осы орайда Президенттің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали ондай аккаунттарға сенбеуге шақырып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ресми түрде тіркелген екі аккаунт қана бар екенін алға тартты. Олар: Twitter желісінде 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан - @TokayevKZ, сондай-ақ 2019 жылдың сәуір айында Instagram желісінде ашылған @tokayev_online аккаунты.

Президент қол қойған алғашқы Жарлық, алғашқы заң мен алғашқы үндеу

Президент қызметіне кіріскеннен соң Тоқаевтың қол қойған алғашқы Жарлығы - Астананың атауын өзгерту. Ал Мемлекет басшысы ретінде рәсімдеген бірінші заңы - Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бірнеше маңызды заңдарға қол қойды. Соның ішінде аз қамтылған отбасылардағы әр балаға арналған 21 мың теңгенің жәрдемақысы, кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық зорлық көрсеткені үшін қылмыстық жазаны күшейту, арнайы экономикалық аймақтарда салықтың мөлшерін азайту, кәсіпкерлік заңнаманы жетілдіру, электронды сауданы дамыту, бала құқықтарын қорғайтын ұйымдар және тағы басқа да заңдар бар. Президент үшжылдық бюджетке қатысты, нақтылап айтсақ, ағымдағы жылғы бюджеттік өзгерістер туралы заңға да қол қойды. Аталған құжаттың аясында айлығы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 процентке өсетін болады. «Енді, 1 миллионнан астам айлығы төмен ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылдың 1 маусымынан бастап өсетін болады», - деп жазды Қ.Тоқаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Сонымен қатар, Президент Ұлттық банкке несиелеу мөлшерлемесін төмендету туралы тапсырма берді.

Осы Президент лауазымындағы бір ай ішінде Мемлекет басшысы өзінің алғашқы үндеуін де жариялап үлгерді. 9 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге шешім қабылдағанын халыққа телеарна арқылы мәлімдеді. Сайлау 9 маусымда өтеді. Үлкен саяси науқанның алдында Президент биліктің үш тармағының өкілдерімен, саяси партия басшыларымен кездесіп, мәселені салмақтаған болатын. Тұңғыш Президентпен де бұл туралы ақылдасқан. «Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін. Қадірлі Отандастар! «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз. Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры Сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты!», - деді Қ.Тоқаев.

Тұңғыш сапар Түркістанға тәу етуден басталды

Президент ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге алғашқы жұмыс сапарын күллі түркі жұртының қасиеттісі саналған Түркістаннан бастады. Бұл Мемлекет басшысының қастерлі мекенге бас иіп, ата-бабадан келе жатқан аманатқа деген құрметін білдірсе керек. Түркістан сапары аясында Мемлекет басшысы ең әуелі қазақтың ілгеріде дүниеден өткен игі жақсыларының жамбасы тиген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Одан кейін облыс орталығы мәртебесін былтыр ғана алған Түркістанның тыныс-тіршілігімен танысты. Түркістан қаласында жаңадан салынып жатқан «Ұлы Дала елі» орталығы мен әкімшілік-іскерлік орталықтағы облыстық әкімдіктің, басқармалар ғимараттарының құрылысын аралап көрді. Сондай-ақ, жаңадан салынып жатқан Конгресс холл мен Медиа орталықтың құрылыс барысын байқады. null

Бұл сапардың маңызын Президент былай түсіндірді: «Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы киелі топыраққа жиі ат басын бұратынын білесіздер. Меніңше, мұның бірінші себебі - халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі - Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына деген адалдықта жатыр. Мұндай сакральды ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолынан келеді деп ойлаймын».

Қасиетті мекен, киелі жерлер, дәстүрге адалдық демекші Президенттің өңірлерге екінші сапары Маңғыстау облысына жасалған болатын. Бұл сапар да халықтың есінде қалды. Айтпақшы, жұрт бұл жолы Президенттің бойындағы тағы бір жақсы мінезді байқап қалды. Маңғыстау облысына ұйымдастырылған жұмыс сапары кезінде Ақтау көшелерінде Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеленген билбордтар орнатылған екен. Оны естіген Президент: «Меніңше, бұл - мүлдем орынсыз нәрсе. Маған ондай үгіт-насихаттың қажеті жоқ», - деп бірден кесіп айтып, билбордтарды алып тастауға тапсырма берді. Бұдан бөлек, Маңғыстауда болған жиында Мемлекет басшысы жемқорлықпен күрсе, жастар мәселесі, ана тілі, халықты әл-ауқаты, ысырапшылдық, масылдық және тағы басқа маңызды мәселелерге қатысты ой қозғады.

Ресми сапар Ресейден басталды

Президент қызметіне кіріскеннен кейінгі Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелге алғашқы сапары Ресей Федерациясына болды. Бұл бір жағынан Ресей Президентінің арнайы шақыртуы болатын. Екінші жағынан Қазақстанның ең үлкен стратегиялық әріптесі, теріскейдегі көршісі ретінде Ресейге ресми сапармен бару заңды әрі бұл Тұңғыш Президент қалыптастырған дәстүрдің сабақтастығы еді. Үшіншіден, Қазақстан бүгінде Ресеймен бір одаққа мүше әрі сауда-саттықтың ең көп бөлігі, алыс-беріс пен барыс-келістің басымы осы елмен тығыз байланысты. Сондықтан да ресми шақыртуды қабыл алып, Ресейге жасаған алғашқы шетелдік сапарды да сәтті өтті деп бағалауға болады.null

Қазақстан Президенті Кремльде РФ Президенті Владимир Путинмен кездесті. Ал сапар қорытындысы бойынша екі елдің басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Президенттің өзі де Ресей Федерациясына жасаған ресми сапарын табысты деп бағалады. Ал Владимир Путин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Ресей мен Қазақстанның XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына шақырды.

Алғашқы мемлекеттік сапар: Өзбекстанмен өзара байланыс қарқын алады

Президент лауазымындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы мемлекеттік сапары Өзбекстан Республикасына жасалды. Мемлекеттік сапардың жөні де, мәртебесі де бөлек. Оның үстіне бұл сапарды қолдамаған қазақ, қоштамаған өзбек жоқ десек те болады. Ең бастысы Қазақстан мен Өзбекстанның екінші Президенттері Тұңғыш Президенттер салған сара жолды жалғастыруға ниетті екенін, достық, бауырластық ынтымақтастықтың бұдан әрі де дами беретінін іс жүзінде бекітті. Әйтсе де, алғашқы мемлекеттік сапар несімен құнды болды?null

Былтыр Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавхат Мирзиёев Қазақстандағы Өзбекстан жылын ресми жариялап, 2019 жылды Өзбекстандағы Қазақстан жылы ретінде белгілеуді уағдаласқан. Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы мемлекеттік сапары да осыған дөп келді. Өзбекстан тарапы сапарлап келген басшыны күтіп алудың сән-салтанатына да ерекше дайындалған екен, әуежайдан бастап бауырластық ықылас, қонақжай құшағы да айрықша сезілді. Ал ресми кездесуде Мемлекет басшылары екі елдің қазіргі һәм алдағы мәселелерін талқылап, сауда-саттық, барыс-келіс туралы келісімдерді ширатты. Бірді-екілі шешілмеген мәселелер ортаға салынып, жаңа келісімдерге де қол қойылды. Сапардың түйіні - Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу салтанаты болды. Бұл да өзінің жоғары деңгейінде атқарылды.null

«Менің міндетім байланыстарымыздың сабақтастығы мен жоғары қарқынын сақтау деп ойлаймын. Мен де өз тарапымнан қазақ-өзбек ынтымақтастығының еш кедергісіз өркендеп, дамуына барлық мүмкіндікті жасаймын. Бізді ортақ тарихи тағдырымыз, туыстас тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыз біріктіреді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. null

Осы жолы екі елдің басшылары экономикалық ынтымақтастық стратегиясын жүйелі орындап, екіжақты сауда көлемін 2020 жылдың соңына 5 млрд долларға дейін өсіруге мүдделі екенін жеткізді. Президенттер ондаған құжатқа қол қойды. Соның ішінде «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру бастамасы да бар.

Расында, бұл сапар екінші Президент үшін ғана емес, күллі қазақ-өзбек халықтары үшін де маңызды. Өйткені, әрі көрші әрі туыс әрі дос елдердің бірлігі мен ынтымақтастығы артқан сайын екі елдің де тәуелсіздігі нығая беретінін бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев айтып еді. Ал қазіргі қазақ-өзбек қатынасын көрсе, Шавкат Мирзиёев айтпақшы, «біздің ата-бабалырымыз тек қуанатын еді».null

Өзбекстанға жасаған сапары аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ӨзА" ұлттық ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму келешегі жайында да айтып берді.

Соңғы жаңалықтар