Президент кубогы: Закир Сафиуллин жарақат алып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Закир Сафиуллин алған жарақатына байланысты Президент кубогында ақтық сайыста үндістандық Тапа Шивамен қолғап түйістірген жоқ. Турнир чемпионы атағына үнді боксшысы қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Закир Сафиуллин - еліміздегі тәжірибелі боксшылардың бірі. Қазір 32 жастағы былғары қолғап шебері бұған дейін 2015 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алған. Закир Президент кубогында жартылай финалда биыл Азия чемпионы атанған тәжік жігіті Баходур Усмоновты жеңіп кетті. Дегенмен алған жарақатына байланысты финалда жекпе-жекке шыға алған жоқ.

Ал 69 келіде Абылайхан Жүсіпов бабында екенін байқатты. Биыл 22 жасқа толған ол қазірдің өзінде толайым табыстарға кенеліп үлгерген. Ол 2017 жылы әлем чемпионатында қола жүлде алса, сол жылы Азия чемпионатында күміске қол созды. Абылайхан турнир барысында да тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Ол финалда Талғат Шәйкеннің осал тұсын тапты.

Турнир барысында 75 келіде Тұрсынбай Құлахмет шеберлігін танытты. Ол финалда ресейлік Вадим Туковпен кездескен еді. Оны айқын басымдықпен жеңген қазақстандық боксшы чемпион атанды.

Айта кетерлігі, 81 келі салмақта жекпе-жек өткізілген жоқ. Финалға жолдама алған Бекзат Нұрдәулетовтің алған жарақатына байланысты ол шарша алаңға шығудан бас тартты. Нәтижесінде онымен жекпе-жекке шығатын Ерік Әлжанов чемпион атанды.

Енді екі салмақта жекпе-жектер өткізіледі. Атап айтқанда, 91 келіге дейінгі салмақта тәжірибелі боксшы Василий Левит талантты жас боксшының бірі Айбек Оралбаймен қолғап түйістірсе, 91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев тағы бір қазақстандық Нұрлан Сапарбаймен шеберлік байқасады.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Президент кубогында қыздар арасында чемпион атанған боксшылар жайында жазған едік. Сондай-ақ, жігіттер арасында екі салмақта жеңімпаз болған боксшылар жайында хабарланды.


Соңғы жаңалықтар