Президент кубогы: Мықты боксшылар іріктеле бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кеше, яғни 18 шілде күні елордада бокстан өтіп жатқан Президент кубогы халықаралық турнирінің үшінші жарыс аса тартысты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үшінші жарыс күні ерлер арасындағы жекпе-жекте 52 келіде бақ сынаған Азат Махметов өзбекстандық Фазылжан Абдумуродовтан 0:5 есебімен ұтылды. Алайда, осы салмақта сынға түскен Сәкен Бибосынов қытайлық боксшыны жарыс жолынан шығарды.

Тура осы салмақта тағы бір отандасымыз Олжас Байниязов Азия чемпионаты мен Азия ойындарының чемпионы, үндістандық Амитті 3:2 есебімен ұтып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, 52 келідегі тағы бір боксшымыз, шымкенттік Махмұт Сабырхан моңғолиялық қарсыласын 5:0 есебімен ұтты.

Ал 69 келідегі команда көшбасшысы Абылайхан Жүсіпов қырғызстандық Данияр Дамирдинұлын 5:0 есебімен қапы қалдырса, осы салмақта бір-бірімен жұдырықтасқан қос қазақстандық боксшы Талғат Шайкен жамбылдық Дулат Бекбауовтан басым түсті.

75 келідегі Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет қытайлық боксшыны 5:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Жарыстың үшінші күні бұрымды қыздар арасында 51 келіде жұдырықтасқан Жайна Шекербекова ресейлік Любовь Шарапованы 5:0 есебімен жеңіп, келесі айналымға өтсе, осы салмақта сынға түскен Жайнаның басты қарсыласы саналатын Назым Қызайбай өзбекстандық Тұрсынай Рахимованы 4:1 есебімен ұтты. Тағы бір жерлесіміз Жамбыл облысының өкілі Жансая Әбдірайымова (51 келі) үндістандық қарсыласын жарыс жолынан шығарды.

57 келіде Айжан Қожабекова, Сәния Сұлтанқызы және Аида Әбікевалар келесі кезеңге жолдама алды. Айжан қостанайлық Влада Кухтаны, Сәния ресейлік Дарья Абрамованы, ал Аида қызылордалық Дәметкен Келімбетті жеңді.

60 келідегі Римма Волосенко қытайлық Жанг Ронгды, Карина Ибрагимова өзбекстандық Райхон Кодированы 5:0 есебімен тізе бүктірді. 69 келідегі Дариға Шәкімова мен Марина Вольнова жеңіліссіз келеді. Вольнова өзбек қызы Шахноз Юсупованы, Шәкімова тәжікстандық қарсыласын ұтты.

75 келіде жұдырықтасқан жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегері Надежда Рябец командаласы Мөлдір Базарбаеваны 4:1 есебімен жеңді. Осы салмақтағы Ақерке Бақытжан мен Арайлым Бегділда Үндістан және Ресей боксшыларына жол беріп, жарысты аяқтады.

Соңғы жаңалықтар