Президент кубогы - 2019: «Барыс» турнир жеңімпазы болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы мәресіне жетті. Турнир чемпионы атағына «Барыс» командасы қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» бұдан бұрынғы үш кездесуде де қарсыластарынан басым түсті. Алдымен, Ресейдің «Ак Барсынан» - 6:1, «Нефтехимигінен» - 4:1, «Автомобилисттен» 3:2 есебімен жеңді.

Бүгін елордалық клуб Ресейдің «Салават Юлаев» командасымен шеберлік байқасты. Уфа қаласынан келген команда «Барысқа» тегеурінді қарсылық көрсетті.

Бірінші кезеңнің 12-минутында «Барыс» хоккейшілері алға шықты. Оны Никита Михайлис соқты. Оған 22-минутта уфалық хоккейші Максим Майоров бір шайбамен жауап қайырды. Кездесудің негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да есеп өзгерген жоқ. Буллитте «Барыс» басымдық танытты.

Бүгін турнир барысында тағы бір матч өткізілді. Ресейдің «Автомобилист» командасы «Ак Барсты» буллитте 4:3 есебімен жеңді.

Биылғы турнирде «Барыс» командасы чемпион атанды. Елордалық клуб бұдан бұрын төрт (2010, 2011, 2013, 2015) мәрте жеңімпаз болды.

Екінші орын Екатеринбургтің «Автомобилист» командасына бұйырса, үздік үштікті «Ак Барс» командасы түйіндеді. Соңғы екі орынды «Салават Юлаев» және «Нефтехимик» командалары өзара бөлісті.

Айта кетелік, шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы биыл оныншы мәрте өткізілді.

Соңғы жаңалықтар